Елбасы Санкт-Петербордың Мариин театры симфониялық оркестрінің концертін тамашалауда

Концерт Марин театры симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі Валерий Гергиевтің дирижерлығымен өтуде.
Қазіргі музыка әлемінде Валерий Гергиев есімін білмейтін адам жоқ. Өйткені, оның таланты талай музыкалық белестерді бағындырды. Адамзат жағымды үнді естігенінен бастап, құдіретті күшке айналған музыка әлемі, талай тағдырды өзгертіп, талай өмірді өнермен емдеген. Ал сол құдіретті өз қабілетімен ел-жұртқа, адам жүрегіне жеткізе білу - нағыз табиғи дара дарын десек асыра айтқандық емес. Ал сондай дарын иелерінің бірі - дербес, ерекше музыканттар қатарындағы Валерий Гергиев.
Валерий Абисалович Гергиев - әйгілі Мариин театрының симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері. Оның әлемдік мәдениеттің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Дирижердің кез келген концерті ерекше, ешкімге ұқсамас шоуға айналады. Ол көптеген елдерде орден, медаль, президенттік алғыс хаттармен марапатталған. Соған қарамастан ол музыканы жан-тәнімен сүйетін қарапайым, өз елінің абыройлы азаматы болып қала береді. Оның жапа шеккен Цхинвалдағы берген концерті әлемді дүр сілкіндірді, шағын Осетия халқының мұң-мұқтажын музыка арқылы жеткізген В.Гергиев барлық күш-жігерін салып, қоғамды, саясаткерлерді, қарапайым жұртшылықты өзіне және еліне қаратты.
Музыкасүйер қауым танымал дирижердің әр концертін асыға күтеді. Қазақстандықтар да солардың қатарында. Биыл 10 Мәскеу Пасхальді фестивалі аясында В.Гергиев қазақ жеріне де келді. Пасхальді фестивальдің көркемдік жетекшісі де өзі. Фестиваль Ресейдің 40 қаласында өтеді, сондай-ақ Литва, Украина, Беларусь Республикасы және Қазақстанды да аралайды. 16 күн ішінде 100-ден аса концерті беріледі. Астанадағы концертке Ресейдің біртуар пианисі Денис Мацуев және танымал опера әншілері қатысуда. Концерт бағдарламасында әлемдік музыканың әйгілі классикалары орын алған.