Елбасы шетелдік инвесторларды еліміздің ет экспорты әлеуетін дамыту бағдарламасына қатысуға шақырды

Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін елордада өтіп жатқан «Жаңа онжылдық: Болашақтар мен талаптар» IV Астаналық экономикалық форумы барысында айтты.
«Қазақстан жоғары сапалы азықтық астықты дәстүрлі экспорттаушы болып табылады. Сонымен қатар табиғи жағдайдың бірегейлігі мүйізді ірі қараның экологиялық таза етін экспорттауға бағытталған бағдарламаны әзірлеуге мүмкіндік берді», - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, аталған бағдарлама 2020 жылға қарай еліміздің сапалы ет экспорттау әлеуетін жылына 180 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді.
«Бұл өте байсалды әрі амбициялы бағдарлама. Менің ойымша, оны жүзеге асыру үшін бізде барлық алғышарт бар.Біз шетелдік инвесторларды көрші елдерде тұрақты тұтыну нарығы және бизнес жүргізуде мығым негізі бар бағдарламаға қатысуға шақырамыз», - деді Н.Назарбаев.