Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру жолында батысқазақстандық депутаттар да белсенді еңбек ететін болады - БҚО мәслихатының хатшысы

ОРАЛ. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауымен жаңадан сайланған облыстық мәслихаттың депутаттары мұқият танысып, зор сеніммен және бірауыздан қуаттауда.
None
None

Өйткені Елбасының биылғы Жолдауы - қоғамдық дамуымыздың жаңа кезеңдік сипаттарын толығымен  қамтыған стратегиялық құжат. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар өз ойын былайша білдірді.

Мемлекетіміздің басты құндылығы болып саналатын халықтың әл-ауқатын арттыру, ол үшін экономиканы одан әрі дамыту алдыңғы орынға шығарылып, осы көкейкесті мәселелер кешенін жүзеге асыруды он бағыт бойынша жүргізу міндеттері қойылып отыр. Мұны Жолдаудың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» деген тақырыбынан да, оның баяндалуының қазақстандықтардың жұмысқа тартылуы, қолжетімді баспанамен қамтамасыз етілуі, өңірлерді дамыту сияқты қазіргі таңдағы өзекті мәселелермен басталуынан-ақ аңғаруға болады. Бүгінде Елбасы тапсырмаларын орындауға өңір жұртшылығын кеңінен жұмылдыруға бағытталған жергілікті атқарушы және өкілді билік тармақтарының қоян-қолтық қызметі басталды.  

Халық сеніміне ие болған депутаттық корпус халық пен атқарушы билік арасындағы көпір іспетті екені баршаға белгілі. Депутаттар белгіленген кесте бойынша қоғамдық қабылдаулар жүргізу, тұрғындармен кездесулері мен олардың алдарында есеп беру барысында көтерілген көкейкесті проблемаларды облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиялары отырыстарының және сессия мәжілістерінің қарауына ұсынып, тиісті шешімдер қабылдануына мүдделі болып келеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес облыстық мәслихатта өңірді дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған арнайы бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырылуда. Жолдауда көрсетілген жаңа міндеттерді іске асыру қажеттілігіне байланысты облыстық мәслихаттың келесі сессиясында бұрын бекітілген облыстың үшжылдық бюджетіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Сессия шешімімен бекітілген бюджеттік қаражаттың уақтылы игерілуіне әрі тиімді жұмсалуына қатаң бақылау жүргізу мақсатында Елбасының Жарлығына сәйкес «Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі құрылып, басшылары мәслихат шешімімен бекітілді. Олар бюджеттің атқарылуы туралы депутаттар алдында есеп беріп отырады.

Еліміздегі демократияны дамыту жолдарының бірі - халықтың өзін-өзі басқару органдарын өмірге кеңінен енгізіп, олардың қызметін жетілдіре түсу. Осы бағытта облыстық мәслихат депутаттары жергілікті қоғамдастықтар құру, олардың жиындарын өткізу және шешімдер қабылдау қағидасын бекітті.

«Елбасы тапсырмаларын орындауда биылғы бірінші наурызда құрылғанына 13 жыл, яғни бір мүшелге толатын «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының мүшелеріне үлкен міндеттер жүктелген. Бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихатқа жаңадан сайланған 27 депутат - осы партияның белсенді мүшелері. Заңға сәйкес олар мәслихатта партиялық фракция құрып, жұмысын бастады. Басты міндет еліміздің өркендеуіне және халқымыздың әл-ауқатының артуына азаматтық үлесімізді қосу  болып табылады», деп түйіндеді ойын М.Құлшар.

Соңғы жаңалықтар