Елбасы тапсырмасында айтылған 40 мың студентке несие беру шарасы толық орындалмауы мүмкін

АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елбасы тапсырмасында айтылған 40 мың студентке несие беру шарасы толық орындалмай қалуы мүмкін. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында Партиялық бақылау комитетінің және Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында бөлінген мемлекет қаражатының пайдалануын бақылау жөніндегі комиссияның отырысы барысында
None
None
мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 40 мыңға жуық студент жеңілдетілген несиемен қамтылуы тиіс еді. Бірақ, бағдарлама жүзеге асқан екі айдың ішінде олардың тек 400-і ғана несиеге қол жеткізді. Бөлінуі тиіс 15 млрд. теңгенің 27. млн. теңгесі ғана игерілді. Әрине, Елбасы тарапынан айтылған тапсырманың бұлайша көрініс табуының себебі неде? Мүмкін Президенттің алдына осы мәселені ұсынбас бұрын жауапты министрлік дұрыс талдау жасауы қажет пе еді? Әрине, несие алу немесе алмау студенттің еркінде. Бірақ, Елбасы мәселе қойған соң, бұл орындалуы шарт. Оның үстіне «Нұр Отан» партиясына келіп түскен 4,5 мыңға жуық өтініштің 1,5 мыңдайы студенттер тарапынан жеңілдетілген несиеге қатысты жасалып отыр», - деді жиынға жетекшілік еткен Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова Білім және ғылым вице-министрі Күләш Шәмшидиноваға қаратып айтқан сөзінде. Өз кезегінде вице-министр Мемлекет басшысына ұсынған мәліметтердің дұрыстығына көз жеткізуге тырысты. Оның айтуынша, бүгінгі күні республика бойынша техникалық және жаратылыстану мен медицина саласы бойынша ақылы негізде 46 мың 376 студент білім алуда. Оның ішіндегі 29 мың 108 студент жеңілдетілген несие талабында көрсетілген санатқа толық жатады. «Соңғы уақытта біз студенттердің арасында бір-екі «үштік» баға болса да жеңілдетілген несие алуды қарастырып отырмыз. Сонымен бірге, білім алушы жетім немесе мүгедек жан болса, оның «үштік» бағасы аздау болса, жоғары оқу орындары басшыларына өтініш жасап, несие беруді ұйымдастыра бастадық. Сондай-ақ 40 мың студентті жеңілдетілген несиемен қамту мәселесін сауалнама жүргізу арқылы біраз зерттеген едік. Ол бойынша жалпы студенттердің 75 пайызы несие талаптарымен таныс екендігі, студенттердің 85 пайызы несие үшін өтініш жасауға құлқы жоқ екендігі анықталып отыр. Сондықтан да, дәл осы бағдарламада көрсетілген мамандықтар бойынша 40 мыңға жуық студент несие алмай қалуы да мүмкін», - деді К. Шәмшидинова.
Соңғы жаңалықтар
Референдум