Елбасы ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесіне қатысады - Ашхабад

Кеңес қорытындысы бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің біріктірілген қаржы нарығы ұйымдары саласындағы ынтымақтастық туралы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қаржылық барлау бөлімшелері басшыларының кеңесін құру туралы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құзырлы органдары оқу орындарында лаңкестікке қарсы бөлімшелер мамандарын дайындауда ынтымақтасу туралы келісімдерге, Лаңкестікпен және басқа да экстремизмнің зорлық-зомбылық көріністерімен күресті жүзеге асыратын құзырлы органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етуде ынтымақтасу туралы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісіміне қол қойылады деп күтілуде.
Сондай-ақ түрлі бағыттардағы ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерді рәсімдеу көзделуде.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы 15 мамырда өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының шешіміне 2013 жыл ТМД-да «Экологиялық мәдениет және қоршаған ортаны қорғау» жылы болып жарияланған болатын. Бұл ретте Қазақстанның «Жасыл көпір», «Жаһандық энерго-экологиялық стратегия» сынды бастамаларын атап өтуге болады. Бұл бастамалар БҰҰ-ның «Рио+20» тұрақты даму конференциясының қорытынды құжатына енгізілген болатын.