Елбасы Үкіметке жол саласында мемлекеттік жеке әріптестікті енгізу және Кедендік бақылау комитетінің қызметін жақсартуды тапсырды
Мемлекет басшысы бұл тапсырманы бүгін елордада ҚР Үкіметінің кеңейтілген мәжілісінде берді.
ҚР Президентінің атап өтуінше, Көлік және коммуникация министрлігі елдің транзиттік әлеуетін арттырудың орнына, бюджет қаражаты есебінен жол салумен ғана айналысуда.
«Ал алға жүктелген міндет Қазақстанды транзиттік елге айналдыру болатын. Бұл министрлікті қызықтырып отырған жоқ. Менің салаға мемлекеттік жеке әріптестікті енгізу жөніндегі тапсырмамды созып жіберді», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті де жүктерді жедел рәсімдеу міндетін дұрыс атқарып отырған жоқ. Кеденшілердің үстінен шағымдар түсуде. Осындай жайттардың салдарынан шынайы бәсеке орын алмай отыр. Ал бұл орайда сапалы тауардың жеткізілмеуі анық. Бұл ел ішіндегі бағаға өз әсерін тигізеді.
«Үкіметке ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін осы мәселелердің шешімі бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деді Н.Назарбаев.