Елбасы Жамбыл облысында химия өнеркәсібін дамыту қажет деп есептейді
Бұл туралы осы өңірге жұмыс сапары аясында бүгін Таразда өткен «Индустриялық-инновациялық даму» атты бизнес-форумға қатысып, сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Жамбыл облысында фосфордың үлкен қоры жинақталған кен орындары бар. Осыны ескеріп, өңірдегі химия өнеркәсібін дамытуымыз керек. Бізде бұдан басқа жол жоқ және осы саланың дамуы үшін бәрін жасайтын боламыз», деді Н. Назарбаев.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз мәліметінше, облысты дамытудың 2011-2015 жылдар аралығына арналған бағдарламасы аясында химия өнеркәсібін дамытуға көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте бағдарлама шеңберінде жылына 650 тонна күкірт қышқылын өндіретін цехтың құрылысын жүзеге асыру және жылына 2 млн. тонна өнім шығаратын байыту фабрикасын салу жоспарлануда. Сонымен қатар Ресейдің «Еуро Хим Тыңайтқыш» компаниясы Қаратау қаласында азоттық, фосфорлық және кешенді минеральды тыңайтқыштар өндіретін зауыттың құрылысын салуды жоспарлауда. Бұл жоба өңір үшін өте маңызды. Себебі, өндірілетін өнімнің көлемі жылына 150 млрд. теңгені құрамақ және бюджетке 15 млрд. теңгеге жуық түсім түседі.