Елбасы Жаңатастағы болат қорытатын зауытты іске қосты
«Мен Жамбыл облысына жыл сайын келіп, берілген тапсырмалардың орындалуын ұдайы бақылап отырамын. Биыл келгенімде де көп жаңалықтарды көріп отырмын. Облыс бойынша жалпы құны 600 млрд. теңгені құрайтын 19 өндіріс орны іске қосылатын болады. Соның бірі - Жаңатастағы металлургиялық зауыт. Жаңатастың басынан өткен қиыншылықтарының бәрін білемін. Сондықтан, индустрияландыру бағдарламасы аясында Жаңатаста осындай өндіріс орнын салып, адамдарға жұмыс тауып беру үшін қаражат бөліп, көмек жасап отырмыз. Сондықтан, осы өндірісті ұлғайтып, оның төңірегінде тағы да көп адамдарға жұмыс беретін шағын кәсіпорындарды өркендетіп, елдің жағдайын жақсарта берулеріңе тілектеспін. Құтты болсын! Табысты болыңыздар!», деді Мемлекет басшысы телекөпір арқылы зауыт жұмысшыларымен тілдесуінде.
Жамбыл облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл металлургиялық зауыт қара металдың сынықтарын қайта өңдеу арқылы металл прокатын шығаруға бағдарланған. Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы ішкі рынокты металл прокатпен қамтамасыз ету проблемасы шешілетін болады. Зауыт жылына 36 млн. тонна металл прокатын шығарады. Жобаның құны - 450 млн. теңге. Зауыт 10,12,14,16 арматураларын және басқа да өнімдер шығарады. Құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген уақытта аяқталып, өндірістік бокс ғимараты қайта жөнделді. Технологиялық қондырғылар әкелініп, орнатылды. Жаңадан 120 жұмыс орны ашылды.