Елбасы: «Жастар - Отанға!» стратегиясының елдің бүткіл жастары үшін маңызы зор
Бүгін Астанада өтіп жатқан «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезі барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Н.Назарбаев осылай мәлім етті.
«Бүгінгі съезде сіздер «Жастар - Отанға!» атты 2020 жылға дейінгі стратегияны қабылдайтын боласыздар. Өздеріңіздің тікелей тәжірибелеріңіз негізінде қалыптасқан бұл жобаның бүткіл жастар үшін маңызы зор. Стратегияның барлық міндеттері жастарды еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына тартуға, мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының тереңдеуіне бағытталады», - деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Президент осыдан 21 жыл бұрын ел Тәуелсіздігі жарияланғанын, 15 жыл бұрын ел дамуының темірқазығы болған «Қазақстан - 2030» стратегиясы қабылданғанын айтты.
«Қазақ елінің жаңа дәуірінің болашағын айқындайтын тағдырлы құжат бізді биік мұраттарға бастады. «Қазақстан - 2030» стратегиясын қабылдауда менің серіктестерімнің көпшілігі 30-ға толмаған жастар еді», - деді Елбасы.