Елбасы Жолдауы БҚО жұртшылығы тарапынан қызу қолдау тауып отыр

ОРАЛ. 5 наурыз. ҚазАқпарат - 5 наурыз күні облыс әкімдігінің үлкен мәжіліс залында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өңір активінің жиыны өтті. Бұл шара Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын міндет-мақсаттарды түсіндіруге арналды.
None
None

Жиынға Елбасы Жолдауын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық үгіт-насихат тобының жетекшісі, ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаров қатысып, баяндама жасады. Баяндамашы атап өткеніндей, биылғы Жолдаудың көтерген әлеуметтік-экономикалық жүгі өте қомақты. Азаматтарды жұмыспен қамтудан бастап, қолжетімді баспана құрылысы, өңірлерді дамыту мәселесі, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің сапасын арттыру, сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру, зейнетақы жүйесін жаңа сатыға көтеру, индустриялық-инновациялық жобалар, ауыл шаруашылығын дамытуға дейінгі сұрақтарға кешенді талдау жасалған. 

Кеңесте сөйлеген сөзінде облыс басшысы Нұрлан Ноғаев Жолдаудағы іс-шаралар халықтың әл-ауқатын көтеретінін, кезек күттірмес мәселе ретінде қабылданып, оқу орындарында, мекеме-ұйымдарда кеңінен талқыланып, қызу қолдауға ие болуда екендігін айрықша атап өтті.

Жиын соңында жерге орналастыру саласында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен бір топ азаматтарға «Құрметті жерге орналастырушы» төсбелгісі мен «Үздік жерге орналастырушы» алғысхаты тапсырылды. Марапатталғандар қатарында облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім бастығы Чапай Тасқұранов, Сырым мен Жаңақала аудандық жер қатынастары бөлімдерінің бастықтары Өтеген Уашев, Талғат Үмбетов бар. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігі арасында өзара әріптестік байланыс туралы меморандумға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар