Елбасы Жолдауы тәртіп сақшыларына тың серпін беріп отыр - Д.Хайруллин

ОРАЛ. 3 наурыз. ҚазАқпарат - Елбасымыздың биылғы Жолдауы облыстық ішкі істер департаментінің жеке құрамы арасында қызу талқыланды.
None
None

Сөз жоқ, бұл Жолдау елімізді дамытудың негізгі он бағытын айқындап көрсеткен стратегиялық құжат болып табылады. Маңыздылығы сол - алға қойған міндеттердің жан-жақты таразыланып көрсетілуі. Жолдауда кезек күттірмейтін өзекті мәселелер көп. Сондықтан да осынау маңызды құжаттың әрбір тәртіп сақшысына тың серпін беретіні даусыз. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық ІІД кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі   Дәурен Хайруллин мәлім етті.

«Сот және құқық қорғау жүйесін жаңғырту турасындағы Президентіміз қойған тапсырмаларды іске асыру мақсатында кезек күттірмейтін шараларды қолға алудамыз», - деді ол. Ішкі істер департаментінің жеке құрамын аттестациялауға дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде.

Елбасының шегелеп тұрып айтқан ең негізгі мәселелерінің бірі - сыбайлас жемқорлықпен күрес, қызмет бабын асыра пайдалануға жол бермеу, тәртіп бұзушылықтың тамырына балта шабу. Бұл мақсатта қатаң түрде бақылау жұмыстарын жүргізудеміз. Әсіресе, қызметке жаңадан келген сақшылар арасында түсіндіру шараларын ұйымдастырудамыз.

Жолдауда халықтың денсаулығына аса мән берілген. Саламатты өмір салтын қалыптастырып, тұрғындардың спортпен айналысып, шынығуына, шымыр болуына жан-жақты жағдай жасалуы қажеттігі айтылған. Бұл мәселе біздің департаментімізде жақсы жолға қойылған. Жеке құрам арасында спорттың барлық түрінен шаралар ұйымдастырып отыру дәстүрге айналған. Шағын футболдан, күрестен, волейболдан біріншілік өткізіліп, жеңімпаз командалар мен спортшылар марапатталды. Облыстық «Динамо» спорт базасында тәртіп сақшыларының шаңғы теуіп, сырғанауына толық мүмкіндік қарастырылған. Апта сайын кесте бойынша жеке құрам мүшелері белсенділік танытып, шаңғы тебуге барады.

«Біз Президентіміздің Жолдауын бірауыздан қолдап, құқық қорғау саласы алдына қойылған міндеттердің толық орындалуына барлық мүмкіндіктерімізді пайдаланатын боламыз», - деп түйіндеді ойын Д.Хайруллин.

Соңғы жаңалықтар