14:18, 16 Наурыз 2009 | GMT +5
Елбасы Жолдауына сәйкес ауыл әкімдеріне де үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр
ОРАЛ. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Елбасы Жолдауына сәйкес ауыл әкімдеріне де үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.
БҚО-ның Зеленов ауданы Достық ауылдық округінің әкімі Геннадий Брындин ҚазАқпарат тілшісіне мәлім еткеніндей, қазіргі кезде барлық деңгейдегі басшылар жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау мәселелерін үнемі назарда ұстап отыруы тиіс. Аталмыш округте төрт мыңға жуық адам тұрады. Өткен жылы төрт шағын несие берілсе, бұл жұмыс биыл да жалғасады. 12 дүкен, 38 жеке кәсіпкерлік пен ЖШС жұмыс жасайды. 149 гектар жерге көкөніс, бау-бақша өсірілуде.
Дағдарыс жағдайында да мемлекет ауыл шаруашылығын назардан тыс қалдырмақ емес. Бұл, бір жағынан, адамдарды жұмыспен қамту мәселесін шешсе, екінші жағынан, Елбасы атап өткеніндей, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол экономиканың бұдан әрі экспортқа бағытталуына негіз болуы тиіс.