Елбасы Жолдауына сәйкес еліміздің экономикасы үшін сапалы кадрлар даярлау мен жас мамандарды жұмыспен қамтудың маңызы зор - ғылым докторы Б.Нәсиев
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті кәсіптік машық және студенттік мансап департаментінің директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бейбіт Нәсиев осылай мәлім етті.
Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде техникалық бағытта мамандар даярлау ісіне зор көңіл бөлініп келеді. Республикада 2008-2012 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білімді дамыту жөнінде арнайы бағдарлама қолға алынып, жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаға сәйкес биылдан бастап жоғары оқу орындарында техникалық бағыттағы білім гранттарының үлесі көбейді. Мәселен, ел бойынша жоғары оқу орындарына 35425 білім гранттары бөлінсе, соның 11465-і немесе 32 пайызы техникалық бағыттағы мамандықтар үлесінде.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне жаңа оқу жылында мемлекеттік білім гранттары бойынша 641 студент қабылданса, соның 443-і немесе 69 пайызы техникалық бағыттағы машина жасау және политехникалық факультеттерге оқуға түсті. Жолдауда айтылғанындай, 2020 жылға дейін өңірімізде энергетика, машина жасау, химия өндірісі және мұнай-газ саласы қарқында дамитын болады. Осыған байланысты жоғарғы оқу орындарына бөлінетін техникалық бағыттағы білім гранттары да жыл санап өсуі тиіс.
Сонымен қатар ел Үкіметі 2020 жылға дейін елімізде еңбек етіп жатқан шетелдік мамандарды біртіндеп ұлттық мамандармен ауыстыру мәселесін де қолға алып отыр. Осы бағытта университет үш жыл бойы 18 шетел компаниясымен студенттерді кәсіптік машық пен сынақ ісіне, түлектерді еңбекке орналастыруға ықпал ету бағытындағы меморандумға қол қойды. Соңғы үш жылда компанияларда 414 студент кәсіптік машықтан, 75 студент сынақ ісінен өтті, 163 түлек тұрақты жұмысқа қабылданды. Университетте техникалық бағытта білім алатын студенттерге оқу үрдісі ағылшын тілінде жүргізіледі. Қазір университетті биыл бітірген 150 студент «Білім қазбалары» халықаралық оқу орталығында 8 айлық дайындық курсында оқытылуда. Оқу үрдісі біткен соң олар да шетел компанияларына жұмысқа тартылмақ.
Қазір, әсіресе, шетел компаниялары мамандардан қосымша жұмыс біліктілігін талап етіп отыр. Егер студент университет қабырғасында оқи жүріп, қосымша курстар арқылы тас қалаушы, дәнекерлеуші, токарь, электрик, сылақшы сықылды жұмысшы біліктілігін алса, ол оның жұмысқа тез орналасып кетуіне басты кепіл. Сондықтан да біздің жоғары оқу орнының ректораты да жоғарғы курс студенттерінің қосымша жұмысшы біліктілігін алу үшін арнайы курстардан өтулеріне ықпал етуді басты назарда ұстайды.
Ата-ана мен мектеп түлектері үшін бүгінгі күннің өзекті мәселесі -болашақ мамандықты дұрыс таңдау. Өкініштісі сол, ата-аналар мен мектеп түлектері еңбек нарығындағы жағдай және мамандықтарға қатысты ақпараттан бейхабар. Сондықтан да мектеп бітіруші түлектер бүгіннен бастап келешек кәсібін таңдауда атан-анасымен дұрыс ақылдасып немесе оқу орындарынан ақпараттар алғаны мейлінше тиімді. Бұл орайда оларға университетте ұйымдастырылған қабылдау комиссиясы көмектеседі. Мектеп түлектерін техникалық бағыттағы мамандықтарға кеңінен тарту мақсатында университетте биылдан бастап физика, химия пәндері бойынша мектеп оқушыларының олимпиадасы ұйымдастырылмақ.