Елбасы Жолдауына сәйкес Орал қаласының әділет басқармасы халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарта бермек - Л.Орманова, басқарма бастығы

Жолдауда халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру міндеті қойылып отыр. Елбасы атап көрсеткеніндей, «Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру мен азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне сенімді арттырудың маңызды қыры» екені сөзсіз. Орал қаласының әділет басқармасы халыққа қызмет көрсетудің сапасына үнемі көңіл бөліп келеді. Бұл туралы басқарма бастығы Ләззат Орманова мәлім етті.
Оның айтуынша, бүгінде жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу қызметтері біздің басқарма құзырына берілді. Сонымен қатар аталмыш басқарма бұрыннан азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөлімімен көрсетілетін дүниеге келген сәбиге туу куәлігін және қайтыс болған жанның отбасына осы жағдай жөніндегі анықтама беру, неке қию, некені бұзу, әкелікті анықтау, бала асырап алу, аты-жөнін өзгерту жөніндегі қызметтерді де атқарады.
Елбасы электронды үкіметті дамытуға мән беріп, 2012 жылдың аяғына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 60 пайызы, соның ішінде лицензиялардың барлық түрлері тек қана электронды түрде болуы керектігі жөнінде тапсырма берді. Ал 2013 жылдан бастап мемлекеттен барлық рұқсат етушілік құжаттарды
да қазақстандықтар электронды түрде немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алмақ. Соған орай бүгінде қалалық әділет басқармасымен некеге отыру және некені бұзу қызметтеріне қатысты азаматтардың өтініштері электронды түрде алынады. Бұл үшін азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығынан электрондық сандық қолтаңба алулары керек. Мұның өзі тұрғындардың ақпараттық технологияларды меңгеруіне түрткі болатыны анық.
«Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда қалалық әділет басқармасының ұжымы да ұйымшылдықпен қызмет етіп, халықтың көңілінен шығуға ұдайы ұмтылмақ», деп түйіндеді ойын Л.Орманова.