Елбасы Жолдауындағы міндеттер мен «Нұр Отан» ХДП ХІІ съезінде көтерілген мәселелерге орай білікті маман даярлау ? басты борышымыз ? университет ректоры

ОРАЛ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Елбасы Жолдауындағы міндеттер мен «Нұр Отан» ХДП ХІІ съезінде көтерілген мәселелерге орай білікті маман даярлау – басты борышымыз. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, облыстық мәслихаттың депутаты Қазыбай Бозымов мәлім етті.
None
None
Оның айтуынша, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын бүгінгі студенттердің алаңсыз білім алып, білікті маман болуы ? басты міндет. Осы бағытта Елбасының ақылы негізде үздік оқитын жоғары оқу орнының студенттері үшін 11 мың білім гранты мен 40 мың жеңілдетілген несие бөлуі қаржылық дағдарыс кезеңінде ел қамына алаңдаушылық, жастардың білім алуына барынша жағдай жасауы деп түсіну қажет. Соған сәйкес Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде ақылы негізде үздік оқитын 3 және 4-курстан 138 студент анықталып, құжаттары министрлікке тапсырылған еді. Бұл студенттердің барлығының құжаттары тексеруден өтіп, бүгінде Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес білім гранты бойынша оқуға ауыстырылды. Сондай-ақ медициналық, техникалық мамандықтар бойынша «жақсы» және «үздік» деген бағаға оқып жүрген барлық курс студенттері үшін жеңілдетілген несие беру де қолға алынды. Бүкіләлемдік қаржылық дағдарыс бірқатар отбасылардың әлеуметтік жағдайына нұқсан келтіріп отырғаны рас. Сол себепті оқу орнында студенттердің оқу ақысын төлеуінің барынша жеңілдетілген тәсілі қалыптасқан. Бұл ақылы негізде білім алатын студенттер мен олардың ата-аналары үшін ыңғайлы болып отыр. Таяуда университетте «Көмек қоры» құрылды. Бүгінде оқу ордасымен тығыз байланыс жасайтын «Ізденіс» ЖШС, «Стандарт», «Стандарт +» оқу орталықтары, проректорлар, факультет декандары, кафедра меңгерушілері және оқытушылар өз қаржыларын арнайы есепшотқа аударды. Бұл қаражат әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мұқтаждық көріп жүрген студенттерге берілмекші. Жетім студенттердің тамақтануы мен жатақханамен қамтамасыз етілуіне де барынша жағдай жасалып, қадағалауға алынған. Ірі шетелдік компанияларды ұлттық кадрлармен қамтамасыз ету - Елбасы алға қойған міндеттердің бірі. Осы мақсатта машина жасау факультетінің студенттерінен құралған үш топ ағылшын тілінде арнайы пәндерді игерсе, П.Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университетінің «Кәсіби коммуникация саласындағы аудармашылық» мамандығы бойынша қосымша білім жөніндегі дипломын 72 студент алып шықпақшы. Бүгінгі таңда университетті 1290 түлек бітіргелі отыр. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына университет түлектерінің 86 пайызын немесе 1116 түлекті тарту жоспарлануда. Университет 120-дан астам кәсіпорынмен келісімшартқа отырды. Отандық кәсіпорындармен қатар университет сараман ұйымдастыру қызметі бойынша шетел компанияларымен тығыз қарым-қатынаста. «ҚПО б.в.» базасында, «Амек» ЖШС, «Халибуртон», «Би джей групп» және басқа компанияларда студенттер сапалы сараманнан өтіп, тәжірибе жинақтап келеді. Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кейбір мамандықтарға элективті пәндер енгізілді. Бұл - еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды қалыптастыру бағытында жасалып жатқан шаралар. Қазақстан Президенті агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Ғалымның пікірінше, инновациялық экономикаға мамандар дайындау үшін білім мен ғылымның арасында тығыз байланыс болуы шарт. Бұл орайда университеттің биылғы жылы ашылған ғылыми-зерттеу орталығының алатын орны ерекше. Университет ғалымдары биыл жарияланған конкурста жеті ғылыми жобаның жеңімпазы болып танылды. Бұл жобалар мал шаруашылығы, ветеринария, экология, мұнай химиясы, генетика, биотехнология, өсімдік шаруашылығы және ихтиология сияқты ғылымдар бойынша іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Қорыта айтқанда, қазіргідей жағдайда Елбасы тапсырмаларына сәйкес ел ертеңі ? жас мамандарды қалыптастыруда барынша жұмыла жұмыс атқаруға тура келеді. Бүгінгі күннің басты талабы да осы.
Соңғы жаңалықтар