Елбасымен тікелей эфирде Маңғыстау облысынан түскен сұрақтарға облыс әкімі жергілікті баспасөз арқылы жауап берді

sp;АҚТАУ. Желтоқсанның 25-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Елбасымен тікелей эфирде Маңғыстау облысынан түскен сұрақтарға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жергілікті баспасөз арқылы жауап берді,
None
None

 деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандықтардың екі апта бойы интернет, ұялы телефондар арқылы жолдаған сұрақтарының ішінде 818 сауал маңғыстаулықтардан түскен. Елбасы эфирден тыс қалған сұрақтарды саралап, жергілікті басшылықтың халықпен байланысқа шығуын тапсырысымен Маңғыстау облысы әкімі аппараты облыстық басқармалармен бірігіп, сауалдарды жүйелеу, талдау, жауап беру бойынша штаб құрды.

Осы орайда Президентке  маңғыстаулықтардан түскен сауалдар бойынша облыста қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы жайында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бірқатар сауалдарға жауап берді.

Маңғыстаулықтар қозғаған көп сұрақтың дені - жеке пәтерлер және тұрғын үй салу үшін жер телімдерін алу, жұмысқа тұру мен әлеуметтік қамтамасыз етілуі, заңдылықты анықтау және азаматтардың құқықтарының қорғалуы, базардағы нарықтың өсуі, Жаңаөзен қаласының әлеуметтік жай-күйі болып келеді.

Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет көрсету және құқық қорғау салаларына байланысты сұрақтар да аз емес. Облысқа тән мұнай- газ секторының жағдайы, аймақ аумағында жүзеге асырылып жатқан бірегей жобалардың келешегі секілді тақырыптар да бар.

Мәселен, Ақтау қаласының тұрғыны Темірбекова Гүлжан Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар   және инжиниринг университетінің 3 курс студенті. Оның айтуынша, оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналаса алатындығына күмәнді. Өйткені университет бітірушілерді еңбек тәжірибесінің жоқтығынан жұмысқа қабылдамайтынын күнде естіп, көріп жүргендіктен жас түлектер осы мәселенің шешілуін сұрайды.

Облыс әкімі бұл сұраққа жастардың арасында жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында облыстық «Арман» жастар орталығында рекрутингілік қызмет көрсету бөлімі ашылғандығын айтты.

 «Сондай-ақ ЖОО студент түлектеріне жұмысқа орналасуда сапалы, қолжетімді мемлекеттік қызмет көрсету, сонымен қатар еңбек нарығының жағдайымен таныстыру мақсатында Ш.Есенов атындағы КМТЖИ университеті үнемі «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып келеді. Мысалға ағымдағы жылы облысымыздың белді кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен инженерлік -техникалық, мұнай және газ, экономика және құқық мамандықтарына «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өткізілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша университет түлектерінің 81 пайызы жұмыспен қамтылды», деп жауап берді облыс басшысы Қырымбек Көшербаев.

Елбасына Мұнайлы ауданының тұрғыны Қадымова Мөлдірден сұрақ түскен. Мөлдір өзі тұратын үлкен ауданда бір ғана балабақша бар екендігін айтқан. Осыған орай Президенттен аудан тұрғындары атынан Мұнайлыға балабақшаны көбейтуге тапсырма беруін сұрайды.

Осы сұрақ негізінде облыс әкімі аймақтағы мектепке дейінгі мекемелердің саны Маңғыстау облысында 71 екенін, ал 2010 жылы 3020 орындық 11 балабақшаның құрылысы басталатындығын айтып өтті.

80 мыңнан астам тұрғыны бар Мұнайлы ауданында балабақшаға сұраныс - 750 баланы құрайды. Қазір ондағы жалғыз балабақшада 113 бала тәрбиеленуде. Балабақша ғимараты биылғы жылы күрделі жөндеуден өткен.

Облыс басшысының айтуынша, Мұнайлы ауданы тұрғындарының балабақшаға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында Маңғыстау селосындағы бұрынғы 100 орындық балабақша ғимараты қайтарылып алынып, 2010 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұнайлы ауданына кіретін Қызылтөбе лицейі орналасқан мектеп ғимараты  лицейдің басқа орынға ауысуына байланысты 200 орындық балабақша болып жөндеуден өткізілмек.

Ал 2010-2012 жылдар аралығында сыйымдылық қуаты 280 орындық Баянды,Қызылтөбе, Басқұдық, Атамекен, Маңғыстау-2,3,4,5 ауылдарынан барлығы 10 балабақша құрылысын салу жоспарланып отыр. 

Маңғыстаулықтардың Елбасына жолдаған сұрақтарының басым көпшілігі жеке пәтерлер және тұрғын үй салу үшін жер телімдерін алуға қатысты болғандықтан, облыс әкімі бұл бағытта жергілікті билік тарапынан нақты шаралар қолға алынып жатқандығын айтып өтті.

Ғаламдық қаржы дағдарысына қарамастан өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқыны бәсеңдемегені, ағымдағы жылдың 10 айында 404,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілгендігін, бұл өткен жылмен салыстырғанда 103,6 пайызды құрап отырғаны айтылды.

Жерге қатысты мәселе бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін Ақтау қаласынан алуға өтініш білдіріп отырғандар саны көп.

 «Ақтау қаласының аумағы 29849 га-ны құрайды. Облыс орталығында жеке тұрғын үй құрылысы үшін бос жер телімдері жоқ. Сондықтан Ақтау қаласының әкімдігіне 2006 жылдың қаңтарына дейін жер телімін алу үшін тіркелген азаматтардың тізімі Мұнайлы ауданына жолданып, бүгінгі таңда Қызылтөбе селолық округінің әкімшілігі аумағында «Батыр» тұрғын үй массивін ашу көзделіп отыр», деді облыс басшысы.

Бұдан басқа ел ішіндегі ауру жандардың көмек сұраған сауалдары мен көп балалы аналардың әлеуметтік жеңілдіктер жайындағы сұрақтарына жауап берілді.

Жаңаөзен қаласының әлеуметтік жағдайы, Маңғыстау облысындағы медицина  мекемелерінің қаржылық жай-күйі, өңірдегі ауызсу мәселесі мен Каспий теңізі экологиясына алаңдаушылық білдірген тұрғындардың сауалдары да жауапсыз қалмады.

Соңғы жаңалықтар