Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары Қазақстанның алдындағы сынақтардан сүрінбей өтуіне септігін тигізеді - Б.Майлыбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары Қазақстанның алдындағы сынақтардан сүрінбей өтуіне септігін тигізеді. Бүгін Астанада Қазақстан саясаттанушыларының VIII конгресі барысында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев осылай мәлім етті. Жиын «Ұлт жоспары және ғылыми-талдау жұмыстардың жаңа сапасына өту: проблемалары мен перспективасы» атты тақырыпта мәселелер талқыланған болатын.
None
None

Форумның ашылуы барысында сөз сөйлеген Бағлан Майлыбаев Елбасы айқындаған Ұлт жоспарының жұмыс тобындағы Сараптамалық кеңеске қазақстандық саясаттанушылардың басым бөлігі қатысқанын айтып өтті. Оның сөзіне қарағанда, Ұлт жоспарының «Біртектілік және бірлік» жөніндегі төртінші бағыты бойынша саясаттанушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар мен нақты ұсынымдар қабылданған. Бұл бүгінгі таңда «100 нақты қадам» жоспарын жүзеге асыру барысында да кеңінен көрініс тауып отыр. «Мемлекет басшысы атап өткеніндей, «100 нақты қадам» біздің еліміздің дамуы үшін үлкен тірек болып, осының арқасында Қазақстан барлық қиындықтар мен сынақтардан сүрінбей өте алады. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары Қазақстанның одан әрі сапалы дамуы жөніндегі нақты шараларының тұтастай бағдарламасы болып табылады. Әлемдік экономикадағы дағдарыс құбылыстары жағдайында Ұлт жоспары Қазақстан дамуы үшін институционалдық тіректі қалыптастырады», - деп атап өтті Бағлан Майлыбаев. Шара барысында саясаттанушылар Елбасы айқындаған «100 нақты қадам: баршаға арналған заманауи мемлекет» Ұлт жоспарының түйінді мәселелерін талқылап, аталған бағдарды жүзеге асыруда ғылыми-сараптама жұмыстарының маңызы жайында сөз қозғады. Бұл ретте форум қатысушылары Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру қазақстандық жаңғыртудың ғылыми негізделген жобасы екеніне назар аударды. Тұтастай алғанда, саясаттанушылар Бес институционалдық реформаның жүзеге асуы барлық кезеңдер бойынша ғылыми сараптамалармен бірдей өрбуі тиістігін алға тартады. Айта кетейік, «Саясаттанушылар конгресі» республикалық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен форум жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, саяси партиялар өкілдері, саясаттанушы ғалымдар, сондай-ақ Қытай, Ресей мен Болгария сарапшылары қатысты.

Соңғы жаңалықтар
Референдум