Елбасының Иорданияға сапары екі жақты қарым-қатынастарды дамытуға кезекті серпін береді - Иорданиядағы Қазақстанның Елшісі Б. Сәрсенбаев

шаның 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қарашаның 3-4-і күндері Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың Иордан Хашимит  Корольдігіне ресми сапары өтеді. Елбасының алдағы сапарының қарсаңында Қазақстанның Иорданиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Сәрсенбаевтан алған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.  
None
None

     - Елші мырза, Қазақстан мен Иорданияны қазіргі уақытта  қандай дүниелер байланыстырады? Екі елдің арасындағы ынтымақтастық қандай салаларға негізделген?

 - Қазақстанның Иорданиямен қарым-қатынасы айтарлықтай ауқымды. Біздер 1993 жылы дипломатиялық байланыс орнаттық. Алайда, осы байланыстар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылы Иорданияға жасаған сапарынан, содан соң Иордания Королі Абдалла  II Бен Хусейннің 2007 жылдың тамызында Қазақстанға жасаған қарымта сапарынан кейін үдей түсті. Осы сапардың қорытындысы бойынша біздің Президент Үкіметке ынтымақтастықты дамыту жөнінде он екі тармақтан тұратын тапсырма берді. Ол біз үшін іс жүзінде біздің елдер арасындағы екі жақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі өзіндік бағдарлама болды. Бұл тармақтардың басым көпшілігі орындалды немесе атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта тараптар ынтымақтастықтың мынадай бағыттарына айрықша назар аударып отыр. Олар: ауылшаруашылығы, энергетика, фармацевтика өнеркәсібі және туризм. Мәселен, фармацевтика өнеркәсібінде Қазақстан аумағында әртүрлі медициналық препараттар шығаратын бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігі бар. Иорданияда фармацевтика өнеркәсібі айтарлықтай дамыған. Бұл елдің аталмыш саладағы жекелеген ірі кәсіпорындары әлемдегі он ірі кәсіпорынның қатарына кіреді. Иорданияда  бұл бағыттағы жұмыста белгілі бір тәжірибе жинақтаған. Сондықтан, біз үшін фармацевтика өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты дамыту қызықты. Сондай-ақ ауылшаруашылығы саласында Иордания Қазақстаннан ауылшаруашылығы өнімдерін, ең алдымен астықты импорттауға мүдделі. Иордания жыл сайын шамамен 700 мың тонна бидай, сондай-ақ астықтың басқа да түрлерін қосқанда, жалпы жиынтығы 1,5 млн. тоннадай астық дақылдарын тұтынады. Тасымалдаудағы көлік шығындарының жоғарылығы аталмыш саладағы ынтымақтастықты дамытудағы негізгі кедергі болып табылады.  Сондықтан, соңғы екі жылдың ішінде Иордания Қазақстаннан астық сатып алмайды. Алайда, олардың бізден астық сатып алуға ниеті бар. Бұл проблеманы шешудің бір жолы - Қазақстан аумағында ауылшаруашылығы өнімдерін (ұн және т.б.) өндіретін бірлескен кәсіпорын құрып, келешекте оларды Иорданияға импорттау. Иордания айтарлықтай шағын ел. Экономикалық жағынан оны мұнайы және басқа да қазба байлықтары бар өңірдегі өзге араб елдерімен салыстыру қиын. Мұнда табиғи ресурстар аз, тіпті іс жүзінде жоқ десе де болады. Сондықтан, таяу уақытта Иорданиядан Қазақстанға үлкен инвестиция күтуге болмас. Дейтұрғанмен, Иорданияның Қазақстан экономикасына инвестиция сала алатын бағыттары баршылық. Олар жаңағы мен айтып өткен фармацевтика өнеркәсібі, ауылшаруашылығы салалары. Бүгінгі күнде Иордания рыногында жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпорындар жоқ. Бірақ та, Қазақстан аумағында жұмыс істеп жатқан бірқатар иорданиялық кәсіпорындар бар. Мәселен, олар өсімдік майын, лак  және бояу өнімдерін шығарумен айналысады. Олар соншалықты үлкен компаниялар емес, шағын кәсіпорындар. Алайда біз бұндай компаниялардың  ауқымы  кеңейеді деп үміттенеміз, себебі бұл үшін барлығы жасалуда.

     Ынтымақтастықтың ең маңызды қырларының бірі -  бұл саяси ынтымақтастық. Қазақстан мен Иордания арасында ешқандай да саяси проблемалар жоқ деп айтуға болады. Керісінше, біздердің көптеген халықаралық өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарымыз  ұқсас. Бұл бізге халықаралық аренадағы түрлі бағыттарда бір-бірімізді қолдауға мүмкіндік береді. Мәселен, Дүниежүзілік туризм ұйымына басшылықты сайлауда біз Иорданияның кандидатурасына белсенді қолдау көрсеттік. Өз кезегінде Иордания 2008 жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының толыққанды мүшесі болды. Біздерде көптеген бағыттар бойынша ынтымақтастықтың осындай түрлері жүруде. Біз қазақстандық бастамаларға Иордания басшылығы тарапынан әрқашан да қолдауды сеземіз. Иордания Қазақстаннның бастамасы бойынша біздің елімізде өткен  халықаралық шараларға айтарлықтай жоғары деңгейде, министрлер, жоғары лауазымы шенеуніктер деңгейінде белсенді қатысып келеді. 

 - Иордания басшылығының, атап айтқанда Король Абдалла II мен Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арасындағы қарым-қатынастың деңгейі қалай?

 - Екі мемлекет көшбасшыларының арасында өте жақсы, сенімді әрі айтарлықтай жақын қарым-қатынас қалыптасқан. Мысал ретінде мынаны айтуға болады: 2005 жылғы кезеңнен бүгінгі күнге дейін Король Абдалла II Қазақстанда үш мәрте, 2005, 2007, және 2008 жылдары болды. Ол Астананың 10 жылдық мерейтойына келген мемлекет басшыларының бірі. Бұл көп нәрседен хабар береді. Иорданияның сыртқы саясатында Қазақстан басымдық берілген елдердің бірі болып табылады.

 - Қазақстан мен Иордания арасындағы экономикалық ынтымақтастық жайлы айтып берсеңіз. 2006 жылдан бері тауар айналымы өсіп келе ме?

 - Өсіп келеді. Мәселен, 2007 жылы Қазақстан мен Иордания арасындағы тауар айналымы 35 млн. АҚШ долларын құрады. 2008 жылы бұл көрсеткіш 73 млн. АҚШ долларына жетті. Әрине, бұл соншалықты үлкен өсім емес. Дейтұрғанмен, сауда-саттықты арттыруда қандай да бір үрдіс бар. Менің ойымша, мұндай үрдіс жалғасатын болады.

 - Елбасының Иорданияға алдағы сапарынан қандай нәтижелер күтіліп отыр?

 - Біздің мемлекеттің басшысының алдағы сапары, сөз жоқ, екі жақты қарым-қатынастарды дамытуға кезекті серпін береді. Бүгінгі күнде біздің елдер арасында қызметтің түрлі салаларында 13-ке жуық келісімдерге қол қойылды. Осы жолы да біздер екі елдің туризм министрліктері арасында, Алматы қаласының әкімдігі мен Амман қаласының әкімдігі арасында келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз. Бұлар тіпті қалалар деңгейінде де тауар айналымын ұлғайтуға, басқа да ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.

 - Мемлекет басшыларының арасындағы жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында бірінші кезекте қандай мәселелер талқыланбақшы?

 - Мен, қазіргі уақытта бірінші кезекте біздің елдер басты назар аударатын болып шешкен бағыттарды атап өттім. Олар: ауылшаруашылығы, энергетика, фармацевтика өнеркәсібі, туризм, өзара инвестициялар.

  - Энергетикада, атап айтқанда атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық деңгейі қандай?

 - Иордания бүгінде энергетикалық жағынан тәуелді мемлекет. Іс жүзінде бұл елдің энергетикалық тұтынымның 92 пайызы импортталады. Сондықтан да Иордания үшін өзінің энергетикасын, соның ішінде ядролық энергетикасын дамыту аса маңызды. Ядролық энергетика саласында бұл ел халықаралық компаниялармен көптеген келісімдерге қол қойды. 2015 жылы Иордания өзінің бірінші атом электр стансысын іске қосуды жоспарлап отыр.

 - Екі мемлекет арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықтың деңгейі қандай?

 - Елбасының сапары барысында біз екі бірдей шараны өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның біріншісі - Қазақстанның Иорданиядағы мәдени күндері. Осы мәдени күндерді өткізу туралы шешім Король Абдалла II-нің 2007 жылы Қазақстанға жасаған сапары барысында қабылданды. Өткен жылы осындай мәдени күндер Қазақстанда өтті. Енді біз оны осында өткізуіміз керек. Екінші шара - мәдени күндер аясында Қазақстан бұйымдарының, ежелгі әшекей бұйымдарының көрмесін, сондай-ақ Амманда, Иорданияның өзге де қалаларында Қазақстанның өнер шеберлерінің қатысуымен концерттер өткізіледі. Сапар қарсаңында, яғни қарашаның 2-де біз Қазақстан мен Иордания арасындағы Іскерлік кеңестің үшінші отырысын өткізуді көздеп отырмыз. Бұл Іскерлік кеңесі Король Абдалла II-нің 2007 жылы Қазақстанға сапары кезінде құрылған болатын. Қазақстаннан бизнесмендердің бір шоғыры келеді, олар үстел басына отырып, бизнестегі түйісу нүктелерін табуға тырысатын болады. Бұл жерде Иорданияға қызығушылық танытып отырған жеке компаниялар жайлы айтып отырмын.

  - Сұхбатыңызға көп рахмет! Жұмысыңызға табыстар тілейміз!

Соңғы жаңалықтар