Елбасының қатысуымен өткен Тараздағы патриоттық форумға 3000 жамбылдық қатысты (ФОТО)

«Жамбыл аймағы бүгінде 80-нен астам этнос өкілдерінің достығы мен татулығы мекеніне айналды, - деді өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев. - 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз қаласы еліміздің тарихи орталығы болып табылады. Облыстың және қаланың көрікті жерлері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне еніп отыр. Күзде осы қасиетті жерде қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтеміз. Бұл біздің бірлігіміз бен игілігімізді паш ететін маңызды шара». Патриоттық форумға шамамен үш мыңға жуық жамбылдық - Жамбыл облысында тұрып жатқан 87 этностың өкілдері, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің, саяси партиялардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар көшбасшылары, аймақ жұртшылығы қатысты. Форум барысында патриоттық әндер орындалып, Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы туралы қысқаметражды фильм көрсетілді. Оның қатысушылары қазақстандық эстрада жұлдыздарымен бірге «Бір үйдің баласындай» әнін орындады. Концерттік бағдарламада облыстың жас таланттары мен қазақстандық жұлдыздар өнер көрсетті. Жамбыл облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы құрылған, оған 25 этномәдени бірлестіктер кіреді. Жамбыл облысындағы мектептерде жеті тіл - қазақ, орыс, дүнген, өзбек, кәріс, түрік, ұйғыр тілдері оқытылады.