Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясындағы 10 жылдан кейін барлық мектеп бітірушілердің қазақ тілін біліп шығатыны туралы айтқаны қанаттандырды - Е.Рыбина
Бүгін осы шарадан оралған оған біз арнайы жолығып, сессия туралы пікірін сұраған едік.
- Маған сессияда көтерілген барлық мәселелер ұнады, - деді Елена. - Әлбетте, ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне айрықша мән бердік. Ол кісінің айтқандары тек Ассамблея мен ұлттық-мәдени орталықтар мүшелеріне ғана емес, күллі еліміз үшін ұлатаралық татулық пен келісім турасындағы жаңа бағдарлама болып естілді. Осында Мемлекет басшысының аузымен айтылған қазақ тілінің мәртебесін көтере түсу жөніндегі ойларға мән ерекше мән бере қарадым. Президенттің алдағы он жылдың ішінде мектеп бітіруші түлектер түгелдей қазақ тілін жақсы біліп шығатын болуы керек деген тұжырым маған қатты ұнады. Мәселені осылай қабырғасынан қоймай, бұл салада табысқа жету оңай болмайды. Жалпы, балаларға тіл үйретуді, мен мемлекеттік тіл туралы айтып отырмын, балабақшадан бастаған ләзім деп білемін. Осы орайда балабақшаларда түгелдей қазақ тілінде тәрбие беруді бастаса, бұл мәселенің тезірек шешілуіне жол ашылар еді. Содан соңғы айрықша айтатыным, Қазақстанда ұлттық мәдени орталықтар тыныс-тіршілігін көрсететін жаңа телеарна ашылатыны туралы жаңалықты да қуана қабылдадым. Мұны өзім осы телеарна саласының маманы болуыммен қатар, еліміздің азаматы ретінде де қолдаймын.
Қорыта айтқанда, Ассамблея сессиясынан үлкен қанағаттанғандық сезіммен қайтып келемін.