Елбасының Лондонға сапарында Ұлыбританиямен өзара құқықтық көмек туралы келісімге қол қойылуы күтіледі
Жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Монако Князьдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын. Бас прокурор орынбасарының айтуынша, бүгінгі күні Қазақстан Еуропа Кеңесінің оңтүстік-шығыс елдерінің құжаттарына қосылуға қатысты жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл үшін осы ұйымға мүше әрбір елдің жеке-жеке келісімі қажет, ондай жұмыстар жалғасуда. «Дегенмен, уақытты жоғалтпай, маңызды деген елдермен, әсіресе, еуропалықтармен екіжақты шарттар жасасудамыз. Алғашқы кезде олар Қазақстанға үлкен ынта білдірген жоқ. Тек 2012 жылы ҚР Президенті тікелей өзі араласып, Испаниямен үш шартқа қол қойған болатын. Осылайша, Еуропаға «тереземіз» ашылды. Содан бері небәрі үш жылда Италия, Болгария, Чехия секілді елдермен барлығы он екі шартқа қол жеткізілді. Келесі аптаға Елбасы Н.Назарбаевтың Лондонға жоспарланған сапары барысында Қазақстанның Ұлыбританиямен өзара құқықтық көмек туралы келісімге қол қойылмақ», - деді Ж.Асанов. Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта Германия, Словакия, Сербия секілді он елмен шарттар жасасу көзделуде.