Елбасының ұсынысымен құрылған Түркі кеңесі - түркі тарихында терезесі тең түрде құрылған тұңғыш ұйым - ТК Бас хатшысының орынбасары Д. Қыдырәлі

Әзірбайжанның Нахчыван қаласында Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ұсынысымен түркі жұртын топтастыратын Түркі кеңесін құру шешімі қабылданды.Құрылымның бағыт-бағдарлары мен оның осы күнге дейінгі қызметі туралы Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі айтып берді.
- Дархан аға, Түркі кеңесі Еуразия құрлығындағы үлкен бір саяси құрылым ретінде ықпалды күшке айналуы үшін қазіргі таңда туысқан елдер арасындағы ынтымақтастыққа тиісті деңгейде қол жеткізілді деп санауға бола ма?
- Мағжан ақынды жақсы көремін. Жасындай жарқылдаған, тынысы кең, тұтас түркінің тағдырын жырлаған, өлеңі өршіл өрелі ақынның «Ақсақ Темірдің сөзі» атты өлеңін білесіз, сонда «Жер тәңірісі Темірмін» деген отты жолдар бар. Ол әйгілі Әмір Темірдің монологы ретінде айтылады. Түп-тұқияны мен тамыр-тарихын жетік білген ақиық ақын бұл жерде ащы бір ақиқатты меңзеп отыр. Тарихқа үңілсек, әрбірі өзін «тәңірге» немесе «тәңірінің тұқымына» балаған түркілердің ерікті түрде бастарының бір қазанда қосыла қоймағанын көреміз. Тарпаң мінген тас-түйін түркіні тұқыртуға тек түркінің ғана шамасы жеткендіктен, көбіне олар жаһан патшалығын өзара бөлісе алмаған. Сондықтан, бір қағанның күшімен бас біріктіргенде дүниені тітіреткен жаужүрек ұлыс артынша алауыздыққа ұшырап отырған. Мұны Астана төріне әкеліп орнатылған Күлтегін ұстынындағы жазулардан да жақсы аңғарамыз. Мұны Салжұқ пен Ғазнелі, Алтын Орда мен Темір, Темір мен Османлы сияқты алпауыттар арасындағы арпалыстардан да жақсы білеміз. Тіпті, алысқа бармай-ақ, қазақ ұлысының пайда болуының өзі осы бөлінуден бастау алғаны баршаға белгілі. Сондықтан, өзіңіз айтқандай, Еуразия кеңістігінде Түркі кеңесінің құрылуын тарихи оқиға ретінде бағалауға әбден болады. Елбасының ұсынысымен құрылған бұл іргелі ұйым - түптеп келгенде, түркі тарихында терезесі тең түрде құрылған тұңғыш ұйым. Тарихтағы түркі одақтарының бір үкімдардың бас біріктіруімен немесе басқыншылығымен құрылғанын жоғарыда атап өттік, сондықтан бұл ұйымды алғашқы ерікті, саналы одақ деп те атауға болатын сияқты. Әрине, жаңа құрылған ұйым әлі саяси құрылым ретінде ықпалды күшке айнала қойған жоқ. Бұған уақыт керек шығар. Дегенмен, Түркі кеңесінің және оның тұрақты хатшылығының дербес құрылым ретінде құрылуының өзі көп жайтты аңғартады. Сондықтан бұл оқиғаны туысқан елдер арасындағы өзара ынтымақтастықтың биік белесі деп атауға болады.
- Түркі кеңесінің Елбасының бастамасымен құрылғанын қаперге салдыңыз. Айтыңызшы, ендеше, Кеңестің Астанада немесе Анкарада емес, Нахчыванда құрылуының мәні бар ма?
- Бір жайт есіме түсіп отыр. Мұстафа Шоқай 1933 жылы Әзербайжанның тәуелсіздік күніне байланысты «Яш Түркістанда» бір мақала жариялаған екен. Тұтас түркінің тұтастығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен тұғырлы тұлға мақаласында: «Біз, негізінде үлкен күшке иеміз. Бұл күш тек құр сөз емес, іс бірлігіне айналуы керек. Сондықтан өз іс-әрекеттеріміздің дұрыс немесе бұрыстығын анықтау үшін де кеңес түрінде жылына бір рет бас қосып тұруымыз қажет. Біздің бас қосуымызға ең қолайлы күн Әзербайжанның тәуелсіздік күні болуы мүмкін» деген мағынада жазыпты. Шоқтығы биік Шоқайдың арманы шындыққа айналды. Әрине, оның бұл сөздері мен Түркі кеңесінің Әзербайжанда құрылуы арасында қандай да бір байланыс іздеу бәлкім бекершілдік болар, дегенмен бұл да бір сабақтастықты, өміршең мұратты көрсетеді. Сұрағыңыздың төркінін түсініп отырмын, қазір түркі дүниесінде жетекші мемлекеттер - Қазақстан мен Түркия. Қазақстан - мағжан айтқандай «қара шаңырақ» әрі дамыған экономикасымен, әлеуетті қуатымен, саяси тұрақтылығмен аймақтағы жетекші ел, ал тарихында бодан қамытын кимеген, іргелі империяның бүгінгі жұрнағы Түркия болса батыстағы түркілер үшін тұғырлы мемлекет. Сондықтан Түркі кеңесінің осы екі елде емес, тіпті Әзербайжанның астанасы Бакуде де емес, бейтарап жерде құрылуының да бәлкім бір мағынасы болар. Біздіңше, Нахчыванның таңдап алынуы бекер емес. Өзіңіз білесіз, Әзербайжан - шығыс пен батыс түркілерін жалғап тұрған алтын арқау іспетті. Ал Нахчыван - Әзербайжанның ұлттық көсемі Хайдар Алиевтің туған жері. Өзіңіз білесіз, Хейдар Алиев те, одан бұрынғы Әбілфайыз Елшібей де түрікшіл тұлғалар. Жалпы, Әзербайжан - түрікшілдіктің түпкі отанының бірі. Тіпті, Түркияға түрікшілдікті алып барған да әзерилер мен татарлар. Тұран фамилиясын алғаш қолданған да Алибей Хүсейінзаде деген әзербайжандық ойшыл болған. Әзербайжаннан Ахмет Ағаоғлу, Мехмет Емин Расулзаде, Алимардан Топчыбашев сынды түрікшіл тұлғалар шыққан. Түркологтардың алғашқы жиыны да сонда өткен, түркология ілімі де Әзербайжанда жақсы дамыған. Бәлкім, бұлардың да бір септігі тиген шығар. Дегенмен, бұл тарихи жиынның Нахчыванда өтуі және онда Түркі кеңесінің құрылуы Елбасының бастамасы екені бүгінде баршаға белгілі. Жалпы, Түркі кеңесі 2009 жылы Нахчыванда өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Саммитінде дүниеге келгенімен, оның бастауы әріректе жатыр. Қаласаңыз, кейінге азырақ шегініс жасайық. Өзіңізге мәлім, түркі елдерінің мемлекет басшылары 1992 жылдан бері тұрақты түрде бас қосып, жиын өткізіп келді. Сол алғашқы 1992 жылғы Саммиттің өзінде Түркия Президенті Тұрғұт Өзал түркі мемлекеттерінің одағын құру туралы ұсыныс көтерген екен. Мұны біз Елбасымыздың «Ғасырлар тоғысында» деген кітабы арқылы да жақсы білеміз. Ол кез тегі бір тамырлас елдер енді ғана егемендік алып, ес жиып, етек жауып жатқан тұс болғандықтан, мұндай өткір ұсыныс қаз тұрып, қалыптасу жолына түскен, әлемдік қауымдастықта әлі танылып үлгермеген жас мемлекеттердің тәуелсіздіктеріне тұсау болуы мүмкін еді. Сондықтан Елбасы түркі жұртына түпкілікті тұтасу жолын емес, негізінен экономикалық интеграцияға негізделген тәуелсіз елдердің терезесі тең достыған ұсынды. Мұны Тұрғыт Өзал да тез түсінді. Содан кейін жыл сайын түркітілдес мемлекет басшыларының Саммиті дәстүрлі түрде өтіп жатты. Қазақстан оның барлығына ең жоғары деңгейде қатысып келді. Ал тегі бір мемлекеттердің тәуелсіздіктеріне 15 жыл толған 2006 жылы Анталияда өткен Саммитте Елбасы бұдан былай сөзден нақты іске көшу қажеттігін айтып, Түркі кеңесін, оның тұрақты хатшылығын және ақсақалдар кеңесін құруды ұсынды. Елбасының бұл ұсынысы Нахчыванда жүзеге асты.
- Асылында, міндетті көтере алатынның иығына артады. Елбасының қабылдауында болдыңыздар. Президент ел мүддесіне қатысты нендей нақты тапсырма жүктеді?
- Осы ұйымның негізін қалаушы әрі түркі әлемінің бүгінгі жетекшісі ретінде Елбасы нақты тапсырмалар берді. Бішкекте өтетін алдағы Саммитке байланысты Кеңестің атқарып жатқан жұмыстары туралы есепті тыңдады, сосын түркі әлеміндегі ынтымақтастық пен ұйымның басым бағыттарына тоқталды.
- Ұйымның басым бағыттары қандай? Алуан тілді, алуан сырлы үнді елі, Үндістан мемлекетінің даңқын үндінің мәдениеті мыңжылдықтардан бері тұтастырып келеді. Оған қарағанда, тіліміздің түбі бір түркі жұртпыз. Түптің түбінде бізді, бауырлас халықты бір қолдың саласындай ұстап тұратын тарихымыз бола ма, әлде тіліміз бе, әлде ынтымақ бірлікті ұрандатып отырған саясат бола ма?
- Түркі әлеміндегі интеграция ең әуелі экономикалық ынтымақтастыққа негізделген. Экономиканың қарқынды дамуы, елдеріміздің әлеуетінің артуы интеграцияның өміршең болуына да қызмет етеді. Сондықтан елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық қатынастар мейлінше арта түсуі тиіс деп ойлаймын. Біздің тарихи тамырластығымыз өзара байланыстарымыздың терең дамуына серпін береді. Ортақ тарихи сана мен ортақ мәдени байланыстар етене туыс елдерді жақындастыра түседі. Мәселен, таяуда Астанада «Астана арқауы» деген дәстүрлі фестиваль өтті. Ұйымдастырушыларын құттықтаймын, жоғары деңгейде өтті. Түркі әлемінің түкпір-түкпірінен келген әншілер мен бишілер, күйшілер мен термешілер дәстүрлі музыкамыз арқылы біздің соншама жақын екенімізді тайға таңбай басқандай көрсетіп берді. Әрине, тамыры бір туыстығымызды айқындайтын тіл де маңызды. Түркі әлеміндегі тілдік жақындастықты зерттеу және ортақ терминдерге байланысты принциптерді айқындау үшін Кеңес жанынан терминологиялық комиссия құрылу үстінде. Оған мүше мемлекеттердің ең танымал терминолог ғалымдары енуде. Міне, осындай шаралар түркі әлемін жақындастырады. Сондықтан, Түркі кеңесі де осы бағыттарды басымдық ретінде қарастырады.
- Былтыр алғашқы Саммит Алматыда өтті. Биыл қыркүйек айында Бішкекте өтетін Түркі кеңесінің ІІ саммиті «Білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастық» тақырыбына арналмақ. Мұнда бұрынғы-соңғы түркі әлемінің тарихына қатысты айрықша нендей мәселеге назар аударылмақшы?
- Өзіңіз айтқандай, биылғы Саммит білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастық тақырыптарына арналады. Білім мен мәдениет - тегі бір туыс елдерді бір-біріне етене жақындастыра түсетін салалар. Білім арқылы, соның ішінде тарих пен әдебиет ғылымын ортақ игеру арқылы біз жалпы жадыны жаңғыртамыз, ортақ тарихи санаға қол жеткіземіз. Терең тарихи сана - мақтаныш сезімін орнықтырады, өзіңе деген сенімді арттырады. Бұл да тәуелсіздікті тұғырлы етуге қызмет етеді. Біздің әдебиетіміз де байтақ әдебиет. Түркі әдебиетіндегі ортақ тұлғалардың барлығы да біздің ортақ мақтаныштарымыз. Ортақ әдебиет арқылы қазақ Қашқаримен, түркімен Тоқтағұлмен, түрік Тоқаймен, әзербайжан Абаймен мақтана алатын болады, Низами, Физули, Науаи баршамыздың ортақ ақынымызға айналады. Біздің жырауларымыз да түркі жұртында түгел оқылады. Бұл - үлкен байлық, сарқылмас қазына. Оның үстіне, әдебиетте халықтың тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы, арман-тілегі, өткен жолы толық көрінеді. Әдебиет пен тарих арқылы біз тамырлас қана емес, тағдырлас екенімізді айқын аңғарамыз. Әрине, бұл жұмыстардың ұраншыл сипатта емес, таза ғылыми болғаны абзал. Сондықтан түркология ғылымын дамытқан жөн. Бұл ретте осы алқалы жиында Астанадағы Түркі академиясына халықаралық дәреже беріледі деп күтілуде. Ол бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Біздіңше, Саммиттің басты шешімдерінің бірі осы болар еді. Ыстық көл Форумын тұрақты түрде өткізу және түркі елдері жазушылар одағын құру туралы ұсыныстар да маңызды. Сонымен қатар, Саммитте ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының жұмыстарына қолдау көрсету мақсатында Түркі мәдени мұра Қоры құрылуы мүмкін. Әрине, бұлардың барлығы мемлекет басшыларының ортақ шешімімен жүзеге асатын шаралар.
- Бауырлас елдердің ортақ құндылықтарын анықтау зерттеу және дамыту, жалпы, түркі әлеміндегі мәдени қатынастарды жолға қоюда ТҮРКСОЙ-кең көлемде мойындалып, танылды. Осы орайда, түркі мәдени-рухани бірлігін одан әрі тереңдетуде Түркі кеңесі нендей маңызды шараларға басшы болып, үйлестірмекші?
- ТҮРКСОЙ - ынтымақтастықпен жұмыс жасап жатқан әріптес ұйым. Оның басшылығына белгілі қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов барғалы ұйымның жаңа тынысы ашылды. Өзіңіз айтқандай кең көлемде мойындалып, танылды. Тәуелсіздікпен құрдас деуге болатын, түркі әлеміндегі ең алғашқы интеграцялық ұйымның бірі болып саналатын ТҮРКСОЙ-мен бірге Түркі кеңесі біршама шараларды бірлесіп атқарды. Мәселен, осы жылдың наурыз айында Тегеранда ұйымға мүше мемлекеттер фотосуретшілерінің көрмесі өткізілді. Қазір біз ТҮРКСОЙ-мен бірге түркі жұртының ортақ мәдени мұраларын ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін тиісті жұмыстарды бастап кеттік. Мұнан өзге, Кеңес осы Саммит қарсаңында түркі елдерінің жазушылар одағын құру, Ыстықкөл форумын өткізу, ортақ телеарна ашу, өнер, мәдениет және ғылым салаларында беделі биік сыйлық тағайындау, университеттер арасы одақ құру, тарих және әдебиет салаларында ортақ оқулықтар шығару сияқты істерді қолға алуда.
- Қазақстанның мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының түркі дүниесінің әлемдік өркениетке қосқан үлесі ретінде насихаттау қолға алынар ма? Әрі бұл бағдарламаны түркі әлемінің ортақ рухани құндылығы сипатында өзге елдер арасында мойындатуға мүмкіндік етуге болады ма?
- Біздің мәдениетіміз де, мәдени мұрамыз да ортақ. Оны ортақ зерттеу барша түркі жұрты үшін үлкен олжа болары анық. Бұл мәселені де Елбасымыз 2006 жылдан бері көтеріп келеді. Анталияда өткен Саммитте Елбасы Қазақстандағы «Мәдени мұра» бағдарламасы туралы айтып, дәл осындай бағдарламаны түркі әлемінде ортақ жүргізудің маңызына тоқталған болатын. Жоғарыда айтып кеткен, биыл жүзеге асуы мүмкін Түркі мәдени мұра Қоры туралы ұсыныс - Қазақстан Президентінің сол сөзінен бастау алады.
- Түркі әлемін қуатты ету жолында бұрынғы-соңғы мамандардың әртүрлі сынына ұшырап, пікірталасқа арқау болып келе жатқан Әмір Темір мен кешегі Тоқтамыс хан, Баязит сұлтан секілді ұлы тұлғаларды келешек ұрпаққа лайықты таныту үшін тарих ғылымында нендей қадамдар жасалып жатыр? Жалпы, мұндай принцип қолға алынды ма? Түркі дүниесінің қайраткерлері Йавуз да, Исмайл шаһ та, Шайбани да, Жәнібек хан, Фатих пен Ұзын Хасанды біздің өз тұлғаларымыз ретінде таныту үшін ортақ түркі тарихын қандай негізде түзу керек деп санайсыз?
- Иә, тарихымызда қақтығыстар мен алауыздықтар аз болмаған. Бірақ бұл барлық елдердің тарихына тән жайт. Мәселен, бүгінгі Еуропа елдері өзара қырық пышақ болып жүздеген жылдар бойы соғысқан. Тіпті, арыға бармай-ақ, бірінші және екінші дүниежүзілік алапат соғыстар да осы Еуропада шыққаны белгілі. Өркениетті елдер осы ащы оқиғалардан тиісті сабақ алып, ынтымақтақты дамыта отырып бүгінде берік Одаққа айналды. Олар ынтымақтастыққа тек экономикалық мүдделестік қана емес, тарихи сана арқылы да жетіп отыр. Бөлетін жайттарды емес, біріктіретін тұстарды тауып, соны достыққа арқау етуде. Тарих - тағлым, ол өткенмен кектесу үшін емес, болашақпен жүздесу үшін қажет. Сондықтан, өткен тарихтағы мағынасыз соғыстар мен қилы қантөгістерді емес, халықтарымызды жақындастыратын жарқын беттерді көбірек көрсеткен жөн деп ойлаймын. Мәселен, қазақ пен қырғыздың қатынасы Кенесары тағдырынан ғана тұрмайды, қазақ пен қырғыздың біріккен қолы қалмақтарға талай рет тойтарыс берген. Әрине, әркім өз тарихын жетік білгені дұрыс, бірақ достық орнату үшін де екі жақтың салиқалы, байыпты көзқарасы керек. Қазір өткенді қазғанымен ол қайтып келмейді және сол қалпында да ешкімге пайда бермейді. Өзіңіз айтып кеткендей, Темір де, Тоқтамыс та, Едіге де, Баязит те - бұлардың барлығы да тарихта өз орны бар көрнекті тұлғалар. Дегенмен, тарих тек патшалар мен батырлар өмірінен, саяси қақтығыстар мен соғыстардан тұрмайды. Әлеумет тарихы, экономика тарихы, халықтың күнделікті өмірін қамтитын тарих, ой-таным тарихы, мәдениет тарихы сияқты көптеген салалар бар. Бұларға үңілсек, бізді бөлетін жайт бір болса, біріктіретін, жақындастыратын жайттың да тоқсан тоғыз екенін байқаймыз. Әрине, мұнда түркі әлеміндегі тарихшылардың өзара пәтуаға келуі де маңызды. Мәселені жақсы көтеріп отырсыз. Туыс елдердің тарихшылары жиылып, ортақ уәжге, ортақ принципке келгені жөн. Біз ортақ тарих жазатын болсақ, қандай кезеңдерге бөлеміз, қай тұлғаларды қамтимыз, оқиғаларға қалай баға береміз деген сияқты. Сондықтан, біздіңше, түркі әлемі тарихшылар қауымын құрудың мезгілі жеткен сияқты.
- Әңгімеңізге рахмет!