Елде экотуризмді дамыту үшін ерекше қорғалатын аумақтар мен табиғи резерваттар жекеменшік пайдалануға берілмек

АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Мемлекет Қазақстанда экотуризмді дамыту үшін ерекше қорғалатын аумақтар мен табиғи резерваттардан учаскілерді жекеменшік пайдалануға беретін болады.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада өткен дөңгелек үстел отырысы барысында журналистерге берген сұхбатында ҚР АШМ Орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының бастығы Қайрат Өстеміров мәлім етті.

Қазақстанда экотуризмді дамыту үшін табиғаты шұрайлы жерлердегі нысандардың бір бөлігін жекеменшік пайдалануға беру жоспарымен бөліскен Қ.Өстеміровтың айтуынша, Табиғатты қорғау халықаралық одағының ережелеріне сәйкес, табиғи қорықтарда қандай да бір жұмыстарды, соның ішінде туризмді дамыту жұмыстарын жүзеге асыруға тыйым салынған. Сондықтан туризмді дамыту үшін учаскілер қорықтардан берілмейді. Экотуризм ұлттық парктер мен табиғи резерваттарда дамитын болады.

«Соңғы үш жылда біз туристік инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарын әзірледік. Ол экологиялық сараптамадан өтіп, Комитетте (ҚР АШМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті) бекітілді. Жұмыстар барлық ұлттық парктер мен резерваттарда жүргізіледі. Әзірше, оның 10-ында жоспар бекітілді, тек жаңадан құрылған екеуінде - «Бұйратау» мен «Жоңғар Алатауда» жобалар әлі бекітілген жоқ», - деді ол.

Министрлік өкілі атап көрсеткендей, жер телімдері туристік компанияларға 49 жылға жалға берілетін болады. Оның аумағы шамамен 1-2 гектарды құрамақ. Жалгер бір жылдың ішінде жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеп, ұсынуы тиіс. ЖСҚ бекітілгеннен кейін, учаскіде туризм нысандарын салуға рұқсат беріледі.

«Бірақ әрбір 100 метр сайын құрылыс салынбайды. Туристік инфрақұрылымды дамытудың бас жоспары әзірленген кезде жалға берілетін учаскіге түсетін экологиялық жүктеме ескерілді. Яғни біз тауларда көпқабатты үйлер мен коттедждер салайын деп жатқанымыз жоқ. Онда шағын ағаш үйлер салынады», - деп анықтады ол.

Ал мемлекетпен екеуара жасалатын келісімшартта оның айтуынша, жалға алушының міндеттері жазылып, көрсетіледі. Яғни олар - табиғат пен экологияны қорғау, оны күту, төтенше жағдайлардың алдын алып, жоятын техникалармен қамтамасыз ету. Келісімшарт ережелерінің сақталуына бақылауды жер телімі бөлінген ерекше қорғалатын аумақтың әкімшілігі және мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыруға құзырлы - ҚР АШМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің облыстардағы аумақтық инспекциялары жүргізетін болады. «Оларға «шалқақтауға» жол бермейміз», - деп түйіндеді ол.

Басқарма төрағасының сөзінен мәлім болғандай, қорықтарды, ерекше қорғалатын аумақтар мен табиғи резерваттарды жекешелендіру ұсыныстары да түсіп жатыр. Қолданыстағы заңнаманың ережелеріне сәйкес, ол мәселе қарауға да алынбайтын болады.

Дөңгелек үстелде ұсынылған мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта Қазақстанда 10 мемлекеттік табиғи қорық, 12 ұлттық парк, 4 мемлекеттік табиғи резерват, жергілікті маңызы бар өңірлік 1 табиғи парк жұмыс істейді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар Қазақстан территориясының 2,05 пайызын (орташа әлемдік көрсеткіш 11,5 пайыз), яғни - 5,5 млн. гектарға жуық аумағын алып жатыр.

Соңғы жаңалықтар
Референдум