«Елдестіруді еңселендіре түсуге келген елшілер» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 10-ы, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Әзірбайжан Республикасы, Ирак Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы, Түрік Республикасы және Украина елдерінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшілері Закир Гашимов, Раджех Сабер Аббуд әл-Мусауи, Чжоу Ли, Мохаммед Туфаиль, Лале Үлкер және Олег Деминнен Сенім грамоталарын қабылдады. Осыған орай ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Елдестіруді еңселендіре түсуге келген елшілер» деген тақырыппен көлемді мақала басылды. «Салтанатты жағдайда Сенім грамоталарын қабылдаған соң Президент Нұрсұлтан Назарбаев олардың алдында қысқа сөз сөйледі. Елбасы алдымен дипломаттарды Қазақстандағы қызметтерінің басталуымен құттықтап, ол күннің күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті болып саналатын Ораза айтының күніне дөп келіп отырғанын жақсы нышанға жоритынын тілге тиек етті. Одан әрі Президент елшілердің дипломатиялық жұмыстары Қазақстанның сыртқы саяси беделінің артып, аса танымал халықаралық ұйымдарда төрағалық ету кезеңімен сәйкес келіп отырғанын ауызға ала отырып, үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада ЕҚЫҰ саммитінің өтетінін еске салды», деп жазады басылым.

«Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Ресей Федерация­сының Үкімет басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Әңгіме барысына екіжақты қарым-қатынастардың көкейкесті мәселелері, сауда-экономикалық қызметтестік, сол сияқты энергетика саласындағы өзара іс-қимылдар сөз болды. Сонымен қатар осы күні түстен кейін Премьер-Министр Үкімет жанындағы Экономиканы модернизациялау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді. Мемлекеттік комиссия мүшелері бәсекелестікті дамыту, инвестицияларды тарту, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту және экспортты ынталандыру, сол сияқты Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау агенттігі ұсынған инновацияларды дамыту және технологиялық модернизациялауға ықпал жасау жөніндегі салалық бағдарламалардың жобаларын қарады.

Қазақстанды индустриялық-инновациялық елге айналдыру Мемлекет басшысының бүгінгі таңда алға қойып отырған басты міндеттерінің бірі. Бұл тұрғыда Сингапур, Финляндия, Германия, Франция сияқты алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибелері де зерттелуде. Осы мәселеге орай «Егемен Қазақстан» газеті Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қарамағындағы "Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы" АҚ-тың басқарма төрағасы Саят Нүсіповті әңгімеге тартқан. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол «Бүгінгі таңда технопарктер қызметінің басым бағыттары айқындалып, өңірлерде бірқатар шаралар өткізілді. Сондай-ақ, технологиялық бизнес-инкубаторлар, рейтингтік жүйелер, еркін тарифтік саясат, басты тиімділік көрсеткіштер бойынша бағалау сияқты қызмет көрсету түрлеріне қатысты тұжырымдама жасалып, жүзеге асырылуда», депті. Сұхбаттың толық нұсқасын бүгінгі нөмірден оқи аласыздар.

***

Кеше елордадағы «Министрліктер үйінде» Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының алдағы Саммитін жариялау мәселелері бойынша кеңес өтіп, оған Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев, Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов қатысқан болатын. Осыған орай «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Елбасы бастамасы - қазақ елінің тарихында бұрын-соңды болып көрмеген оқиға» деген тақырыппен мақала басылды. «Оған еліміздің жетекші ақпарат құралдарының басшылары шақырылған екен. Осынау еуропалық белді ұйымның АҚШ бастаған батыстық 56 мүше-мемлекетінің басшыларын елордаға жию - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы болып табылады. Бұл - қазақ елінің тарихында бұрын-соңды болып көрмеген оқиға. Сондықтан оның мән-маңызы биылғы барлық басқа саяси шаралардан бөлекше. Осы орайда кешегі кеңес барысында БАҚ жетекшілеріне ЕҚЫҰ-ның ұлы құрылтайын насихаттау бойынша ұсынымдар берілді», деп жазады басылым.

Сәрсенбіде Павлодар облысында басталған өрт қатты соққан желдің салдарынан үдей түсуде. Алғашқы күннің өзінде Шарбақты ауданындағы «Ертіс орманы» орман-тоғай резерватына қарасты Көкжал, Майқарағай және Бесқарағай орман шаруашылықтарын қызыл жалын шарпыды. Аймақтан келіп түскен соңғы ақпаратқа жүгінсек, осындағы Көкжал орман-тоғай шаруашылығының аумағы 2 мың гектарды құрайтын орман-тоғай алқабындағы өртті ауыздықтау барысында күйік салдарынан 5 адам қаза болып, бір әйел жедел жергілікті ауруханаға жеткізілді. Соңғы дерекке жүгінсек, дәл қазіргі уақытта Павлодар облысында басталған өрт-жалыны көршілес Шығыс Қазақстан облысындағы «Семей орманы» резерватына қарасты Бегенев орман шаруашылығының аумағына «ауыз салды». Мұнда өрт шарпыған аумақтың көлемі 400 гектарға жетті. Оқиға аумағына орналасқан Жандос ауылының 60-тан астам тұрғындары басқа жерге қоныстандырылды. Мамандардың айтуынша, секундына 22 метр жылдамдықпен соққан жел өрттің өрши түсуіне ықпал етуде. Өрт орын алған аймаққа жақын орналасқан ауыл-қала тұрғындары және өзге де облыстың өрт сөндірушілері өртті «ауыздықтау» шараларына тартылуда. Бұл туралы «Айқын» газетіндегі «Тілсіз жау жалмап барады» деген тақырыппен басылған мақалада егжей-тегжейлі баяндалған.

«Қазақстанға арнап Голландияда өндірілген өнімде қазақ тілінің мерейі үстем. Ал құдайы көршіміз Ресейден шыққан тауарда мемлекеттік тілдегі жазуды микроскоппен қарамасаңыз таба алмайсыз. Мұны мәселенің арғы жағы дейін десек, арғысынан бергісі сорақы болып тұр», деп жазады «Айқын» газеті «Бір өнімнің өзінен 40 қате табылды» деген мақаласында. Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Шәуеевтің айтуынша, «Қазақша сөйлесейік!» акциясы аясындағы «Қырағы көз» айлығын ұйымдастырушылар бас шаһардағы дүкендердің бірінен «Мясо для детей» деген жазудың қазақ тіліндегі нұсқасы «Балалар еті» деген тәржімамен сатылып жатқанын анықтапты. Мақаланың толық нұсқасын басылымның жұма күнгі нөмірінен оқи аласыздар.

***

«Алаш айнасы» газетінің алғашқы бетіндегі «Кентау 2 миллион тонна улы заттың астында қалды» деген мақала М.Әуезовтің тілімен айтқанда, Қаратау тәжі атанған Кентаудың бүгіндері қоқыс-қалаға айналғанын, онда да бұл кенттің улы қалдықтардың астында қалып жатқандығын айтып дабыл қағады. «Южполиметалл» ӨК» АҚ пен жергілікті әкімшілік бір-біріне сілтеуінің салдарынан мұнда, елеусіз ғана қоқыс болса бір сәрі, 2 миллион тонна улы зат зарарсыздандырылмай ашық-шашық жатыр. Негізі, тау болып үйілген улы химикаттар қоршаған ортаға, адам ағзасына әсері болмас үшін үнемі су астында жатуды қажет етеді. Алайда бұл қоқыстар су түгілі, жабық затпен де бүркелмеген. «Кентау қаласына батыс бағытынан жел тұрған уақытта қала халқының экологиялық апатқа ұшырау қаупі зор» дейді мамандар.

Осы басылымның өркениетке арналған бетіндегі «Ақындар қайыр сұрауға жақын жүр» деген мақалада Семейдегі Халықтық ақындар орталығындағы жас өрендердің жағдайы туралы айтылады. Халықтық ақындар орталығының жетекшісі Дәметкен Омарбаеваның айтуынша, осы орталықтың түлектері Ринат Заитовтың, Сара Тоқтамысовтың 100-ге тарта ізбасарлары бүгіндері көрінген есікті сығалап, әркімнен ақша сұрауға мәжбүр. Басқа облысты былай қойып, Семейге тиіп тұрған Павлодар қаласында жуық арада өтетін айтысқа шақырылған төрт ақын аламанға бара алмай қалуы мүмкін. Яғни, балғындар бабында болғанмен, айтыс аламанына баруға қаражат тапшы.

Алаш айнасының Дода бетіндегі «Демеуші бар, жебеуші жоқ» атты мақаладан соңғы кездері жағдайлары қиындап кеткен «Қайрат» футбол командасының «ҚазРосГазбен» келісімшартқа отырғандығынан хабардар бола аласыздар. Алайда осы мәселеге қатысты арнайы баспасөз мәслихатына қатысқан газет тілшісі оқырманды ірі демеуші де аталған футбол командасының жағдайын шеше алмайтындығына баса назар аудартады. Өйткені олар бөлген қаржының басым бөлігі қарызды жабуға кеткен, ал басшылық футболшылардың Елбасына хат жазғаны үшін олардың жалақыларын 50 пайызға қысқартып тастаған. Тіпті, бірқатар футболшының командадан қуылуы да мүмкін.

***

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық көрме бюросының (ХКБ) бас хатшысы Винсент Гонсалес Лоссерталесті қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Кездесу барысында Қазақстанда "ЭКСПО-2017" өткізу мүмкіндігі талқыланды. Біздің еліміз осы халықаралық көрмені өткізу үшін барлық талаптарға сәйкес келетіні атап өтілді.

- Қазақстанда "ЭКСПО-2017" өткізу үшін барлық мүмкіндіктер бар. Атап айтқанда, елорда қарқынды дамуда, Қазақстан Киото хаттамасын бекітті. Сонымен қатар Қазақстан энергетика саласында көш бастап келе жатқан әлем елдерінің бірі болып табылады, ал "ЭКСПО-2017" көрмесінің тақырыбы энергияның жаңа түрлерімен байланысты, - деді журналистерге арналған брифингте ХКБ бас хатшысы.

Соңғы жаңалықтар