«Елдің ырыздығы ең алдымен елдің өзіне жетуі керек» - профессор С.Тәуіпбаев
Енді осы және басқа да мәселелер жөнінде аудан әкімі, техника ғылымдарының докторы, профессор Сұлтанбек Тәуіпбаев біздің тілшімізге әңгімелеп береді.
- Жер-анадан ырзық несібесін терген аудан диқаншылары биыл 31494 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Соның ішінде 18135 гектарға күріш, 421 гектарға жаздық бидай, 2910 гектарға жаңа жоңышқа және 632 гектарға мақсары отырғызылды, - деп бастады әңгімесін аудан әкімі. - Бүгінде егін жинау науқанына 212 комбайн, 102 жатка, 32 автокөлік пен 188 трактор жұмылдырылған.
Дала төсін дүбірге бөлеген еңбеккерлерге жанар-жағармай қажетінше бөлінген. Ал ауа райының жылы қабақ танытуы диқаншылар үшін қолайлы сәт болып тұр. Қыркүйектің 20-і күні қолға тиген мәліметтерге зер салсақ, аудан шаруашылықтары 18135 гектар күріш алқабының 64,6 пайызына орақ салып, 8675 гектар жердің алтын дәнін бастырған. Бұл, әрине, айтуға тұрарлықтай нәтиже.
- Соңғы уақыттары ауданда мал шаруашылығының да қауырт дамып келе жатқаны байқалады...
- Дұрыс байқағансыз. Расында да төрт түлік мал басын және оның өнімін арттыру жолында көңілге қонымды біраз тіршілік бар. Өткен жылдың 8 ай қорытындысын биылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда, мүйізді ірі қара басы - 1,5 пайыз, қой мен ешкі басы - 0,7 пайыз, жылқы басы - 3,4 пайыз, түйе басы 4,8 пайыз өсті. Сонымен бірге үстіміздегі жылдың осы мерзімінде 2254,1 тонна ет, 5631 тонна сүт өнімі және 818 мың дана жұмыртқа дайындалды.
Тоқсаныншы жылдың басында мал өсірумен шұғылданатын іргелі шаруашылықтардың жұмысы тұралағаны жасырын емес. Нақты айтқанда, қолда бар малға жөнді жағдай жасай алмадық. Соның салдарынан мал басы саны кеми түсті. Тіршілік көзі малмен біте қайнасқан ағайынға осы шашыраған шаруашылықты қайта құрылымдау қажет болды. Уақыт талабымен жоғарыда атап өткен олқылықтың орны біртіндеп жөнге түсе бастады.Ол үшін төрт түлік малға жайлы кешенді құрылыстар салынды. Әрі асыл тұқымды мал өсіруге бетбұрыс жасалған болатын. Қазір ауданда асыл тұқымды мал өсіретін 7 шаруашылық бар. Айтуға жеңіл болғанымен, бұл өзі ұқыптылықты қажет ететін күрделі істің санатына жатады. Бұл бағыттағы жұмысты өз деңгейінде жүзеге асыру үшін алдымен малдарды сапалы ұрықтандыру міндетін жүйелі атқару керек. Мамандар пікіріне сүйенсек, малдың жақсы төлдетуі де осыған тікелей байланысты. Сондықтан аудандағы «Ақжарма жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдан ұрықтандыру кешенін іске қосты.
- Ауданда азық-түлік белдеуін жасау бағытында нендей шаруалар атқарылып жатыр?
- Бізде де жергілікті өңір халқын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында «Азық-түлік белдеуі» бағдарламасы әзірленді. Осыған сәйкес аудан көлеміндегі 2760 гектар жерге көкөніс, картоп, бақша дақылдары егілді. Бұдан өзге Нағи Ілиясов елді мекеніндегі «Әйгерім» шаруа қожалығы 500 шаршы метрлік жылыжайды пайдалануға беріп, түрлі дақылдарды өсіруде.
Осы ретте мал шаруашылығына қайта оралудың реті келіп тұр. Енді төрт түлік малды азықтандырудың өзіндік ерекшеліктерін айтқым келеді. Мысалы, ірі қара және қойды қорытылатын протеин, ас тұзы, кальций, фосфор, каротинмен мөлшерлеп азықтандырады. Қалыпты деңгейдегі бұл азық малдың ішкі ағзаларының жұмысын жақсартып, дененің жылынуына әсер етеді. Осы көрсетілген шарттарды тиісті дәрежеде орындап келе жатқан Жетікөл ауылындағы мал бордақылау кешенінің орны бөлек. Аталмыш нысанда қазір 300 бас асыл тұқымды қой, 100 бас мүйізді ірі қара, 50 бас жылқы, 100 бас түйе өсірілуде. Болашақта ауданның басқа елді мекендерінде осындай кешен құрылысын салу жоспарланған.
Бағалы байлықтың бірінен саналатын балыққа деген сұраныс күн сайын артып келеді. Алайда, оның бағасы бүгінде мал етінен кем түсіп тұрған жоқ. Негізгі себеп екі ортадағы делдалдардың өз қалауынша баға қойғанынан болып отыр. Айдарлы елді мекенінде аталған келеңсіздікті ретке келтіру үшін тоған шаруашылығы құрылып, өткен жылдан бастап оған сазан, дөңмаңдай, ақ амур, шабақ жіберілді. Қазіргі кезде өсіп-жетілген балықтардың орташа салмағы бір келіден асып жығылады. Таяуда өнім түрлерін саудаға шығару мәселесі іске асырылмақ.
- Көп шаруаны осындайда шағын және орта бизнес өкілдерінің тындыратыны да шындық қой.
- Ол да рас. Бүгінде ауданда 1355 шағын кәсіпкерлік нысандар тіркелсе, оның 27-і өнеркәсіп, 380-і ауыл шаруашылығы, 12-і құрылыс және 493-і сауда саласында, ал 443-і түрлі деңгейдегі салаларда қызмет жасауда. Атап өтерлігі, ауыл шаруашылығын дамыту ісіне кәсіпкерлердің баса мән бергені қуантады. Демек, агрокешен ауқымы кең қанат жайып келеді.
Нарықтық экономикалық жағдайға бейімделген еңбеккер жандар жерді өңдеудің агротехникалық шараларын қатаң сақтай отырып, мол өнім алуға және оны өңдеуге бейімделді. Ал анығы бұрын сападан гөрі санға жұмыс істеу белең алған еді. Енді, міне, өмірдің өзі дәлелдеп бергендей, кеңестік жүйедегі қасаң қағиданың ғұмыры ұзаққа барған жоқ. Есесіне бәсекеге қабілетті өнімдерді өндірудің алғышарттары тәуелсіздік тұсында кең қолдауға ие болып, өндіріске жаңа технологиялар енгізуге жол ашылды. Соның жемісі болар Сырдария ауданында да осы тұрғыдағы жұмыстар оң бағыт алды. Бұған дәлел, үстіміздегі жылдың қаңтар мен тамыз айы аралығында шағын кәсіпкерлік нысандары бюджет қазынасына 33,8 млн. теңге түсірген.
- Аудан аумағында «Жол картасын» жүзеге асыруда жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
- Өткен жылы негізі қаланған «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ауданға республикалық бюджеттен 134,8 млн. теңге және облыстық бюджеттен 37,8 млн. теңге қаржы қаралып, бірқатар өзекті мәселелердің түйінін тарқатуға қадам жасалды. Әсіресе, жұмыссыздық деңгейін төмендету ұстанымы мен жастар тәжірибесіне барынша қолдау көрсетілуде.
Аймақтың индустрияландыру картасына ұсынылған 5 жобаның 3-ін осы жылдың аяғында пайдалануға беру көзделген. Олар құрама жем шығаратын кіші зауыт пен ұн диірмені кешені және мақсары дәндерінен өсімдік майын өндіру өндірісі. Қалған жобалар жақын болашақта іске қосылмақ. Сол кезде өнім түрлерінің саны еселеп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік жасалады.
«Қызылорда облысындағы қала құрылысын дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес аудандағы бес елді мекеннің даму сызбаларын дайындауға 7,0 млн. теңге бөлініп, 88,0 пайызы игерілген. Мақсатты іс нәтижелі аяқталса, барлық инфрақұрылымдық жүйелер бір арнаға түседі. Сонымен бірге тұрғын үй құрылысын салуға республикалық бюджеттен 11868,0 мың теңге, аудандық бюджеттен 21750,0 мың теңге қаралып, бірқатар нысанның іргетасы қаланған.
Бүгінгі таңда Ақжарма және Қалжан ахун елді мекендерінде спорт алаңы салынуда. «Дені саудың - жаны сау» демекші, спорттық сауықтыру мәселесіне де Сырдария ауданы барынша назар аударып отыр. Өйткені ауылдан шыққан қара домалақтар байрақты бәсекеде алдыңғы топтан көрініп, ел мерейін өсіріп жүр емес пе?!
Қайсыбір ел болмасын әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің өсуі жолдың сапалы болуымен сабақтасып жатыр. Жергілікті жердегі сан-алуан жұмыстардың ішінде осы мәселеге де қомақты қаражат бөлінген. Осыған орай биыл Тереңөзек кентінің жолдарына жөндеу жүргізілуде. Бастысы, Әйтек каналы маңынан көпір құрылысын салуға жасалған жоспар қолдау тапты.
Елбасының биылғы Жолдауында әрбір аймақ өзі тұратын жерді көркейтуге, абаттандыруға мүдделі болуы тиістігі атап көрсетілген. Расында ауыл мен қала ажарына нәр беретін көгалдандыру мен тазалық шарасына ешкімнің бейқамдық танытпағаны абзал. Себебі, елдің ауызбіршілігі және бірлігі туған табиғатын аялаудан көрініс табады. Ендеше, биыл абаттандыру мен көркейтуге аудандық бюджеттен 88360,0 мың теңге бөлінгені нәтижесінде 58029 түп көшет отырғызылып, 2130 текше метр күл-қоқыс арнайы жерге шығарылды. Сырдариялықтар бұл қолға алған істің одан әрі жалғасын табарына сенімді.
- Әңгімені өнеркәсіп орындарының өндірген өнімдері көрсеткіштеріне шолу жасаумен түйіндейік.
- Қай кезең болмасын түрлі саланың іргелі жұмысын қамту әрі үйлестіру әсте оңай шаруа емес. Соған қарамастан, үстіміздегі жылдың 8 айы ішінде өңдеу өнеркәсібінде 693,8 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Мұны өткен жыл кезеңімен салыстырғанда 167,8 пайызға артық болып отыр. Осындай жоғары көрсеткіш ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы құрылымдарына да тән. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылы 1494,8 млн. теңгеге жеткізілсе, ол биыл 14903,5 млн. теңгені құраған. 2009 жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің шаршы метрі 3292,6 болса, ал ағымдағы жылы 4978,6 шаршы метр болған.
Бүгінгі айтылған көрсеткіштердің дені үстіміздегі жылдың 8 айында жүзеге асырылған. Өздеріңіз байқағаныңыздай, ауданның экономикалық динамикасы өсу үстінде. Жыл санап егіс көлемі мен төрт түлік мал басы артып келеді. Тұрмысын түзеуге бет бұрған аудан тұрғындары да кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерді.
Қазір біздің ауданның еңбеккерлері егіс алқабындағы дәнді дақылдарды жинау үстінде. Өнім түсімі жаман емес. Нақты кезеңде 632 гектар мақсары, 398 гектар жаздық бидай және 4765 гектар ескі жоңышқа жинап алынды. Ал жақын аралықта күріш орағы толық аяқталады. Ең бастысы, елдің ырыздығын шайқап алмай, оны халықтың өз аузына жеткізе білсек, содан асқан абыройлы қызмет жоқ.
- Әңгімеңізге рахмет!