Электрондық сатып алулар 2011 жылдың І тоқсанында 8 млрд. теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді

АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Мемлекеттік электрондық сатып алулар (ЭМСА) 2011 жылдың І тоқсанында 8 миллиард теңге бюджеттік қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл туралы Электронды коммерция орталығының баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

Жалпы электрондық алаң жұмыс істеп келе жатқан үш жылдың ішінде ЭМСА-ның көмегімен 46 млрд. теңгеден астам сома үнемделді. «Электрондық коммерция орталығы» ЖШС жасаған www.goszakup.gov.kz веб-порталы электрондық форматтағы мемлекеттік сатып алулардың алаңы болып табылады.

ЭМСА іске қосылғалы бері мемлекеттік сатып алу веб-порталында тіркелген пайдаланушылардың саны 92 мыңға жетті. Өткен айда сайтты 1,9 млн.-нан астам адам қарап шықты. Олардың дені қазақстандықтар болғанымен, веб-порталға Кедендік одақ аясындағы әріптес елдер кәсіпкерлерінің қызығушылығы да жоғары. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың наурызында веб-порталда 53 мыңнан астам ресейлік және 5,8 мың украин кәсіпкері болды. Порталдың жиі қонақтары ретінде Қытай, АҚШ, Германия, Молдова және Әзірбайжан мемлекеттерінің кәсіпкерлерін айтуға болады.

«Шетелдік өнім жеткізушілер біздің веб-порталды жергілікті тұтыну рыногына мониторинг және талдау жасау үшін пайдаланады. Олар қазір Қазақстанның мемлекеттік сатып алуларына қатыса алмайды, олар мемлекеттің резиденттері емес. Әрине, олар бізде өкілдіктерін ашып, сатып алуларды Қазақстандағы өздерінің серіктестері арқылы жасай алады. Нарықтың көлемін білу үшін электронды сатып алулар порталы жақсы құрал болып табылады. Себебі мұнда мемлекеттік сектордың барлық 20 мың тапсырыс берушісінің жоспарлары орналастырылған», - деді «Электрондық коммерция орталығы» ЖШС-ның Басқарма төрағасы Сұлтанжан Ахметов.

«Электрондық коммерция орталығы» ЖШС Қазақстанның озық ІТ компанияларының бірі. ҚР Үкіметінің шешімімен «Электрондық коммерция орталығы» электрондық мемлекеттік сатып алулар бойынша бірыңғай оператор болып белгіленді. Бүгінгі күні мемлекет аталмыш порталда 5 млн.-нан астам лот пен 1,6 млн. хабарландыруды орналастырды. 2010 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттің сұранысына жасалған талдаудың нәтижесі, мемлекеттік мекемелерден ең көп өтінім өңдеу өнеркәсібінің өнімдеріне түскенін көрсетті (3,5 млн. лот сатып алынды). Одан кейін орындарда ауыл, орман және балық шаруашылықтарының өнімдері (200 мың лот), ақпарат және байланыс қызметтері (100 мың лот) және көтерме және бөлшек сауда қызметтері (80 мың лот) тұр.

Соңғы жаңалықтар