Елге деген сағынышымызды әнмен жеткізсек, туған жерге деген сүйіспеншілігімізді ерлігімізбен көрсете білдік - ҰОС ардагері Қамқа Үмбеталина

АҚТАУ. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Қанша жан майданға аттанып, қанша ұрпақтың өкілі сол майданға жалын жастығы мен жаз өмірін беріп келді.
None
None

Қаралы қағаз қай шаңырақты жылатпады? Оты сөнген жанұяның жан азабы мен жастығын майдан даласына айырбастаған жауқазын өмірдің жан жарасын бүгінгі ұрпақ сезіне аламыз ба? Әрине жоқ. Оны сезіну, ұғыну - сол кездің тірі куәгерлеріне ғана тән.

Үлкен қаланың ортасында көкірегінен жан жарасы жазылмаған, 9 мамыр- Жеңіс күнін барша жұрт жаппай қуана тойларда, ол күрсіне, көзіне жас ала, зұлматты жылдардың зардапты сәттері тағы да есіне түсіп, үнсіз ойға шомып кететін соғыстың соңғы куәгері тұрады. Өзінен «апа, соғыстағы көрген білгеніңіз жайында айтып беріңізші» деп келетін жандарға отты жанарымен үңіле қарайды да, қарсы келместен ұзақсонар әңгімесін бастап та кетеді.

Соғыс жылдары әйелдік жаратылысына қарамастан, ұшқыш болып ұшақты бағындырған Қамқа Үмбеталина өткен жылдардан былайша сыр шертті.

«Мен 1923 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданында дүниеге келдім. Әке-шешемнен ерте жетім қалдым. 1942 жылы Гурьев қаласындағы Жамбыл орта мектебін бітірген кезімде соғыстың басталғанына 1 жыл болған-ды. Мен 1942 жылдың маусымында мектеп бітірдім, шілде айында әскерге шақыру қағазы келді. Содан Гурьевтен бір топ қыз боп әскерге аттандық. Воронеж деген қалаға апарып түсірді. Сол жерде әуежай қоймасына күзетке қойды. Біршама ай өткен соң Орынборға жөнелтті. Чкаловта, Челябинскіде, Омскіде болдық. Барған жерлерімізде бізді әуе қатынасы оқуына баулыды, ұшақты басқаруды үйретті, әскери оқу жаттығулардан өттік. Бізді әбден дайындап болдық деген кезде Байкалды жағалап, Қиыр шығысқа алып келді. Сол жерде ұрыс алаңында менің майдангерлік өмірім басталды. 1-ші шығыс фронтында 9-шы әуе армиясында болдым. Сол кезде бар болғаны 19 жастамын. Жастықтың әсері ме, ештеңеден қорықпаймыз, бойымызды кернеген бір алапат күш бар, намыс бар. Ел басына жаппай күн туғанда адам бойына бір қайрат бітеді екен. Тек қана Отанды қорғау, жау қолынан қалай болғанда да аман алып қалу - оймызда осы ғана еді....»

Қасіреттің шекпенін сол жылдары кім жамылмады, соғыстың шарпуы тимеген, оның зарын тартпаған бірде- бір отбасы болған жоқ. Түнек болып келіп жатқан тажалға қанша адам қарсы аттанды. Күнбатысқа Қазақстанның қай түкпірінен болмасын, қаншама арба әр үйдің бір -бір үмітін танк мен бомба, пулемет пен зеңбірек дүрсілінен құлақ тұнатын ажал даласына аттандырып отырды. Сол кезде Қазақстанның тікелей адам шығыны 1 млн. 202 мың адамға жуық болды. Бүгінде майдан даласынан аман оралғандар ел ішінде қадау- қадау. Осыдан 5 жыл бұрын Жеңістің 60 жылдық мерейтойын Маңғыстауда 400-ге жуық қарт қарсы алған болса, биылғы Жеңіс тойына дейін ол қарттардың 160-ының ғана көзі тірі.

Қамқа апай - қаланың байырғы тұрғыны. 1945-тің жеңісін Қиыр Шығыста қарсы алған ол ғұмырының қатпар -қатпар қиындықтарынан тұратын қасіретті жолдарын шер тарқатқан жандай төгіле айтып беріп отыр:

«Дәм тұзы таусылмаса, адам басы неге көнбейді, майдан даласындағы ауыр күндерді бастан кешіп жүрдік. Жау жеріне бомба тиелген ұшақтарды аттандырдық, оны жіберудің де қыр-сыры көп, қиын шаруа еді. Өліспей беріспейтін жау танкілері мен самолеттері кеңес әскерінің әр бір қимылын қалт жібермей бақылап отырады. Жау жатқан жерге самолет жіберуге аттанған рота командирлерінің қаншасы оққа ұшты... Жеңісті 1945 жылы Қиыр шығыста қарсы алдық. Бірақ бізді ауылға қайтармады. 583-ші авиақоймасын күзетіп, бомбалар қоймасында қызмет еттік. 1945 жылдың қарашасында ғана 1 ай жол жүріп, елге келдік. Елге деген сағынышымызды әнмен жеткізсек, туған жерге деген сүйіспеншілігімізді ерлігімізбен көрсете білдік. Ол әнді сіздер естімей-ақ қойыңыздар, ерлігімізді ғана өнеге тұтып, бағалай білсеңіздер, біздер үшін бақыт - сол»

От пен жалынға оранған 1418 күн мен түн...Оның әр минуты, әр сағаты қауіп - қатерге толы болғанын сол жылдары қару алып, отан қорғауға аттанған майдангер ағаларымыз бен апаларымыз жақсы біледі.

Жеңіс оңай келген жоқ. Жұдырықтай жұмылып, анталаған жауға қарсы тұра білудің арқасында ғана қол жетті. Асқан ерлік көрсетіп, Жеңіс күнін жақындатқандардың ішінде маңғыстаудан аттанған 6 мыңнан астам жауынгер аға -апаларымыздың 4 мың 800-і қан майданның ортасында қалды. Тірі оралғандар - ерліктің жазылмаған дастаны іспеттес аз да болса арамызда жүр.Олар айтар естелік әлі ескірген жоқ. Тіршіліктің тоқтаусыз заңы Ұлы Жеңістің 65 жылдығында да соғыстың тірі куәгерінен сол түнек туралы тыңдаттырып отыр.

Өмір дейтін керуен көш Қамқа апаны да тезге салып, қасіретке төтеп бере білер күш сыйлады. І -ші Шығыс фронты, 9-шы әуе армиясы 583-ші авиақоймада қазақтың 19 жастағы қаршадай қызы самолетке бомба тиеп, оны жаудың жерлеріне жасырын жіберіп отырған жойқын ерлігі Отанына деген сүйіспеншілік пен сенімінен туындады.

Бүгінде жасы сексеннің жетеуіне келіп отырған кейуананың әңгімесі бүгінгі буынның кеудесіне батырлық пен ерлік сезімді оятары хақ. Өңіріне халқының алғысы іспеттес ордендері мен медальдарын таққан, өскелең ұрпаққа өнеге болар өмірінен сыр шерткен Қамқа апамызға ендігі жерде Жаратқан ие қайрат- қуат пен тыныштық берсін.

Бүгінгі ұрпақ естімеген бір ән... Ол ән қан майданның салмағын көтеріп, жауқазын гүлдей қайғыдан ерте солған аналарымыздың әні, оққа кеудесін төсеп, жауға қарсы ұмтылған жауынгерлеріміздің әні...

Соңғы жаңалықтар