Еліміз бойынша ең биік нүктеде орналасқан Бәйдібек бидің еңселі ескерткіші ашылды

АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкент қаласында еліміз бойынша ең биік нүктеде орналасқан Бәйдібек би ескерткіші ашылды. Айтулы шараға Алматы қаласы, Қызылорда, Жамбыл облысынан келген 500-ден астам адам қатысты. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
None
None

Бәйдібек би ескерткішінің биіктігі - 10 метр, салмағы 9 тонна тартады. Астына қойылатын тұғырмен қоса алғанда бұл аймақтағы теңдесі жоқ үлкен ескерткіш болып табылады. Ол Шымкент қаласының жаңа әкімшілік орталығында орналасқан. Сәулетшілердің пікірінше, Бәйдібек би ескерткіші облыс орталығының жаңа символы болмақ.

Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімінде қоғам және мемлекет қайраткері Ө.Байгелді, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қ.Айтаханов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Салтанатты шарадан кейін қонақтар облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен ата-бабалар рухына арналған аста бас қосты. Онда, Оңтүстік Қазақстан облысында туған кемеңгер бабалар мен осы өңірде қызмет етіп, еңбек сіңірген марқұмдарға бағышталып Құран қатым түсірілді. Тоқталатын тағы бір жәйт, ел тарихында бұрын-соңды болмаған бұл шарада 300-ге жуық тұлғаның рухына арналып он күн бұрын Құран қатым түсірілген болатын. Құрбан айттың алғашқы күні ұйымдастырылып отырған аста осы өңірде  дүниеге келген, сондай-ақ бұл аймақтан топырақ бұйырған  барлық бабалар мен ұлт зиялыларын еске алу басты назарда ұсталды. Аталған шара  ел тарихында елеулі орынға ие,  алашқа еңбектері сіңген  тұлғаларды еске алып, өткен дәуірлер мен бүгінгі күннің  арасындағы  рухани сабақтастықты  үзбеу үшін ұйымдастырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар