11:08, 04 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Елімізде 2009 жылы құны 3 млрд. доллардан астам 170 жаңа инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға берілді - Н. Назарбаев
;АСТАНА. Желтоқсанның 4-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елімізде 2009 жылы 170 жаңа инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға берілді. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің ХХІІ пленаралық мәжілісінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жылдың күрделі болғандығына қарамастан, елімізде құны 3 млрд. АҚШ долларынан астам 170 жаңа инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға берілді. Осы кәсіпорындарда 9 мың тұрақты жұмыс орындары құрылды», деді өз сөзінде Президент.
Елбасының айтуынша, «Дженерал электрик» компаниясымен бірге Астанада локомотив құрастыратын зауыттың, Құмкөл кен орнындағы газ өңдейтін зауыттың, Қазақстандағы тұңғыш әлемдік деңгейдегі Астана - Бурабай автобанының пайдалануға берілуі айтарлықтай маңызды оқиғалар. «Бұл ірі жобалар халықаралық қаржы институттарымен бірге жүзеге асырылды. Оларға сіздердің кейбір кәсіпорындарыңыз да қатысты», деді Президент шетелдік инвесторларға қаратып айтқан сөзінде.