Елімізде науқастарды емдеудің отбасылық қағидасына көшу қарастырылған - ҚР ДСӘДМ

«Алғашқы медициналық көмектің әмбебаптығы қызмет көрсетудің отбасылық қағидасына кезең-кезеңімен өтудің есебінен қамтамасыз етілетін болады. Қызмет көрсетудің отбасылық қағидасы ағзаның әрбір жастық кезеңдегі ерекшеліктерін ескере отырып, профилактикаға баса назар аударумен, өмір бойына адамның денсаулығына бақылау жасауды көздейді», - делінген құжатта.
Отбасылық қызмет көрсету қағидасын бірінші кезеңде, яғни 2020 жылға дейін нақты өңірдің кадрлық жарақтандырылуына қарай, жалпы тәжірибе дәрігерлері немесе қазір жұмыс істеп жатқан учаскелік дәрігерлерден тұратын жасақталған мультитәртіптік командалар жүзеге асыратын болады. Әрі қарай даму үдерісінде тек емханалардың ғана емес, стационарлардың да бейінді мамандары үшін емдеу үдерісінің үйлестірушілері болады. Сонымен бірге кадрлық жарақтандырылуы жеткілікті, халық көп қоныстанған өңірлерде терапевтік және педиатрлық учаскелерді сақтап қалу мүмкіндігі қаралады.
Бұдан өзге, алғашқы медициналық көмек көрсету саласындағы шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. МЖС аясында қызмет бейінін сақтау жағдайында одан әрі жекешелендіру мүмкіндігімен осы нысандарды сенімді басқаруға берумен амбулаториялық-емханалық желі құрылысы жоспарланған.
«Медициналық көмектің қолжетімділігі алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметтерін азаматтардың тұрғылықты жеріне барынша жақындатумен қамтамасыз етіледі. Орта есеппен алғанда, жалпы практикадағы бір дәрігерге уақыт өте келе, 1,5 бастап 1,8 мыңға дейін тұрғын бекітіледі. Оған қоса, жоғары білім берудің жаңа мемлекеттік стандарттары бойынша бұл заманауи білімдерге, практикалық және коммуникативтік қабілеттерге ие және командада жұмыс жасай алатын кең бейінді мамандар болады», - деп нақтылады «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Абай Байгенжин.
Бұдан өзге, алғашқы буын дәрігерлерінің қызметтері мен еңбегін өтеуді қаржыландыру шарттарын жетілдіру жалғасады. Оларды тартуға әлеуметтік қолдау жүйесі құрылады. Ауылды жерлерде жұмыс жасайтындар үшін әлеуметтік пакет құрамы мен көлемі қайта қаралады.