13:37, 06 Қараша 2013 | GMT +5
Елімізде жедел жәрдем қызметіне қатысты арнайы бағдарлама жұмыс істеуде - Е.Байжүнісов
АЛМАТЫ. 6 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі алдағы 3 жылда жедел жәрдем қызметін стандартты медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған заманауи 2700 автокөлікпен қамтамасыз етеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ерік Байжүнісов Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі Алматы декларациясының 35 жылдығына арналған халықаралық конференцияда айтты.

«Елімізде жедел жәрдем қызметіне қатысты арнайы бағдарлама қабылданды. Республика бойынша 3 аумақта, яғни Алматы, Астана және Павлодарда ол пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Біріншіден, дәрігерлермен қарым-қатынас электрондық жүйеге ауыстырылуда. Екіншіден, орталық диспетчерлік пункте жедел жәрдем автокөлігінің қайда жүргендігі бақылауда болады», - деді Е.Байжүнісов. «Денсаулық сақтау министрлігі үшін Алматы өте қызықты. Өйткені онда жұмыс жақсы реттелсе, елдің барлық аймағында да жолға қойылады. Жедел жәрдемге қатысты Алматының қазіргі кездегі жағдайы дұрысталып келе жатыр. Оны мойындау керек. Менде бар ақпарат бойынша бұрын жедел жәрдем шақырғанда оның орташа келу уақыты 30-45 минут болатын. Қазір 15-20 минут», - деді вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мен Біріккен ұлттар ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастырған халықаралық конференцияда 1978 жылы қабылданған Алматы декларацияның маңызы өте зор. Оның негізгі міндеті бүкіл халықты қарапайым медициналық қызметпен қамту. Қазіргі кезде біз үйреніп кеткен ауылдық аурухана, фельшерлік пункт, медициналық пункт деген ұғымдардың бәрі ең бірінші рет сонда енгізіліп, осындай көмек халыққа міндетті түрде берілуі керек деген қағида қабылданған.