Елімізде жыл соңына дейін 100-ден астам индустриялық-инновациялық жоба жүзеге асырылады - Н. Назарбаев

Бұл туралы бүгін республикамыздың бас алаңы - «Қазақ елі» монументінің алдында өтіп жатқан Астана күніне арналған салтанатты шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астана күні мерекесіне өңірлер өзіндік сыйлықтарын тарту етуде. Бірқатар индустриялық-инновациялық жобалар жүзеге асырыла бастады. Жуырда ондаған түрлі жобалар таныстырылды. Солардың арқасында еліміз бойынша мыңдаған жұмыс орындары құрылады. Ең бастысы, Қазақстанның болашағы үшін балама экономика қалыптасады. Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы аясында жыл соңына дейін 100-ден астам басымды жоба жүзеге асырылады», - деді өз сөзінде Елбасы.
Н. Назарбаевтың айтуынша, ондаған мың адамдар жаңа перспективалы әрі лайықты жұмыстарға орналасады. Сонымен бір мезгілде алдағы ондаған жылға біздің экономикамыздың тұрақты дамуы қамтамасыз етіледі.