Еліміздегі ауыл шаруашылық өнімдерінің бәсекелестігін арттыруға 70 млн. доллардан астам қаржы бөлінді – ҚР АШМ

Бұл туралы бүгін Астанада отандық ауыл шаруашылық өнімдерінің бәсекелестігін арттыру мәселелеріне арналған конференцияда ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аман мәлім етті.
«Ауыл шаруашылық өнімдерінің бәсекелестігін арттыруу» жобасын іске асыруға Дүниежүзілік банктен 24 миллион АҚШ доллары сомасында қарыз алынды. Сонымен қатар республикалық бюджеттен 46,8 миллион доллар қаржы бөлінді», - деп атап көрсетті ол.
Евгений Аманның айтуынша, 2006-2012 жылдарға арналған аталмыш инвестициялық жобаның шеңберінде жалпы сомасы 3341,8 млн. теңге болатын барлығы 580 грант бөлінген. Гранттар ауыл шаруашылығы субъектілеріне зертханалық және технологиялық жабдықтарды, ауыл шаруашылық техникаларын, асыл тұқымды мал, тұқым, жем-шөп, жанармай, тыңайтқыштар сынды қажетті заттарды сатып алуға қаржылай мүмкіндік берді.
Оның сөзіне қарағанда, жоба аясында ауыл шаруашылық өндірістердің инновациялық қызметін жетілдіруге көп көңіл бөлініп келеді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылық өнімдері бағасының төмендеуіне, еңбек өнімділігінің жоғарылауына, бәсекеге қабілеттігінің артуына жол ашады.
«Дүниежүзілік сауда ұйымына ену қарсаңында тұрған Қазақстан үшін жоғары технологиялы, алдынғы қатарлы, бәсекеге қабілетті өндірістердің болғаны өте маңызды. Меніңше, қазір елімізде бұл бағытта қыруар шаралар жасалып жатыр», - дейді Е. Аман.