Еліміздегі сайлау науқанында байқаушыларға кең мүмкіндіктер беріліп отыр - ОСК
Дегенмен де соңғы нәтижелі әрі дәйекті деректерді тек 15 қаңтарда Орталық сайлау комиссиясы ғана мәлімдейтіні белгілі. Осы орайда біз сайлау науқаны барысындағы дайындық жайында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсенбаевтың берген сұхбатын көпшілік назарына ұсынуды жөн санадық.
- Марат Алдоңғарұлы! Осы ауқымды науқан барысында бүгінде қандай шаралар атқарылып болды?
- Соңғы кезде Орталық сайлау комиссиясының атқарған істеріне тоқталатын болсақ, 30 желтоқсаннан бері бүкіл еліміз бойынша әрбір 9 764 учаскеде сайлаушылар тізімдері ілініп, әрбір сайлаушыға сол тізімдермен танысып, өздерінің аты-жөнін тауып алуға жағдай жасалып отыр. Егер де, мәліметтер дұрыс болмаса, тиісті түзетулер енгізуге мүмкіндік берілді. Атап айтқанда, бұл шаралар сайлау күнінің өзінде де атқарыла береді. Сайлау күнінде кейбір азаматтар тізімде өзін таба алмаса, онда өзінің жеке басының куәлігі мен үй кітапшасын алып келіп, барлығы расталғаннан кейін өзінің учаскесінде қосымша тізімге еніп, дауыс беруге болады. Сондықтан соңғы күнге дейін тізімді түзеу жұмыстары жүргізіле береді.
- Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткерлерге тоқталсаңыз?
- 31 желтоқсанда Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Мәжіліске 9 кандидатты тіркедік. Үміткерлердің ішінде 2 әйел бар. Кандидаттардың орташа жасы - 59 жас. Олардың барлығының жоғары білімі бар. Алтауы ғылым, мәдениет және білім салаларының қызметкерлері. Тағы 3 үміткер - төртінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары. Енді оларға сайлауалды үгіт жұмысына 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап кірісу мүмкіндігі берілді.
- Сайлау науқанында байқаушылар толық тіркеліп болды ма?
- Енді халықаралық байқаушыларға тоқталатын болсақ, олардың бүгінгі саны 326 адамға жетті. Атап айтқанда, байқаушылар 5 халықаралық ұйымнан және 24 шетел мемлекеттерінен келген азаматтар. Олар Сыртқы істер министрлігінің ұсынылуымен ОСК-ден тіркеуден өткізілді. Алдағы күндері қосымша тізімдер аталған министрліктен түскеннен кейін оларды тіркейтін боламыз. Сонымен бірге шетелдік БАҚ өкілдері де сайлау кезінде өздерінің кәсіби жұмыстарымен қатар халықаралық байқаушы ретінде жүруге құқы бар. Олардың саны 200-ге жуықтап отыр. Солардың барлығын бірге санағанда байқаушылар 450-500-ге жақындады. Халықаралық ұйымдардың ішінде көбінесе ЕҚЫҰ және ТМД ұйымдарының өкілдері қатысады. Олар әдеттегідей 400 байқаушы жіберуі мүмкін. Барлығын есептей келгенде 1 мыңға жуық байқаушы келуі тиіс. Жалпы соңғы өткен сайлауларды ескерсе, 1 мыңнан астам шетелдік және халықаралық ұйымдардың байқаушылары тіркелді. Осы жолғы сайлауда да солай болады деген болжам жасап отырмыз. Байқаушыларды тіркеу жұмыстары 9 қаңтарда сағат 24:00-ге дейін жүргізіледі.
- Бүгінде байқаушылардың алғашқылары Қазақстанға келді ме?
- Әзірге олардың тізімдері келіп жатыр. Байқаушылар тек алдағы аптада келеді. Айта кетейік, еліміздің өңірлерінде ЕҚЫҰ-ның ұзақмерзімді байқаушылары қазіргі кезде жұмыс істеп жатыр. Ал қысқамерзімді байқаушылар алдағы аптада жұмыстарын бастайды.
- Осы шетелдерден келген өкілдер сайлау барысында қандай талаптарды орындайтын болады?
- Сайлау туралы конституциялық заңымыз бар және осыған сәйкес байқаушылардың құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Халықаралық байқаушы сайлау үдерісінің қай кезеңіне болсын қатысуға құқылы және оларға тиісті мүмкіндіктер жасалады. Екіншіден, сайлау үдерісіне қатысып жүрген адамдармен, партиялармен, кандидаттармен, сайлаушылармен, БАҚ өкілдерімен кездесу өткізіп, мәліметтер алуға толық мүмкіндіктері бар. Содан кейін олардың учаскелерде дауыс беру кезінде де, сондай-ақ дауыс санаған уақытта да қатысып, байқауға құқысы бар. Мұнымен қоса, байқаушылардың учаскеде санау нетижесі бойынша толтырылған хаттаманы жоғары тұрған сайлау комиссиясына тапсыру үдерісінде ілесіп жүруге де рұқсат етіледі.
Жалпы, еліміздегі сайлау барысында байқаушыларға кең мүмкіндіктер берілген.
- Осы айтулы науқан барысында ұсыныстар мен өтінімдер түсіп жатыр ма?
- Қазіргі кезде алдын ала берілетін есептер жасалады. ЕҚЫҰ-ның есебі жақында жарияланған болатын. Бұнда кейбір ұсыныстар көрсетілді. Ал екіншісі таяу күндері келіп түседі. Бұнда енді кейбір байқалған кемшіліктер енгізілуі мүмкін. Атап айтқанда 15 қаңтардан кейін ел бойынша барлық мәліметтер жиналған соң, олар өздерінің пікірлерін айтатын болады. Жалпы біз айтарлықтай кемшіліктер болмайды деп үміттенеміз.
- Сайлау алдында бүгінде партиялардың алатын пайыздық көрсеткіштері жайында түрлі сауалнамалар мен зерттеулер жүргізіліп жатыр. Осы болжамдар қаншалықты сай келеді деп ойлайсыз?
- Жалпы алдын ала ештеңе айта алмаймын. Мәселен, экзит-пулдардың зерттеулері шамамен сәйкес келіп жатады. Дегенмен осы әлеуметтік сауалнамалар барша 9 млн. сайлаушыны қамти алмайды. Әрі кеткенде 90 мың адамның арасында сауалнама жүргізуі ықтимал. Бұл тұрғыда тура көрсеткішке қол жеткізу қиын секілді. Сондықтан да нақтысы сайлау күні Орталық сайлау комиссиясының деректерінде белгілі болады.
- Сұхбатыңызға рахмет! Сайлау науқанындағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!