Елімізді индустрияландырудың қиындығы - мемлекетті орнатудың қиындығымен бірдей - ҚР Президенті
Осыны халқымыз түсінуі тиіс. Бүгін Таразда өтіп жатқан «индустриялық-инновациялық даму» атты бизнес форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.
Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасы аясында 237 жаңа өндіріс орны салынатынын айта келе: «Біз зауыттарды салып қана қоймай, оларда өндірілетін өнімдерді шет елдерге шығаруымыз керек. Ешкім бізге әкеліп, озық технологияларын, жаңалығын бермейді. Сондықтан да инвестицияны, жаңа технологияларды тарту бұл қиын шаруа болып табылады», деді.
Елбасы индустрияландыруды еліміздің ұлттық идеясы деп санау қажеттігін атап көрсетті. «Себебі, біз елімізді индустрияландырып, жеріміздің астындағы мұнай мен газ және басқа да байлықтарға сүйенбей, баламалы экономика құруымыз керек. Бұлай істемесек, көштен қалатын боламыз. Әрбір қазақ, әрбір қазақстандық осыны түсінулері керек», деді Н. Назарбаев.