Еліміздің барлық өңірлері электр энергиясымен қамтылмақ

Елімізді индустрияландыру шараларын жүзеге асыру кезінде электр қуатын тұтыну көлемі артатыны белгілі. Ондай жағдайда Президенттің өзі бастама көтергендей, тұтынушыларды электр қуатымен сенімді түрде қамтамасыз ететін жаңа энергия көздерін беретін нысандар салынады. Электр қуатын тасымалдайтын жүйелер жетілдіріледі. Айтпақшы, Елбасы Жолдауда тапсырған «Екібастұз-Семей-Өскемен» бағытындағы жоғары вольтті желінің құрылысы басталып кетті. «КЕГОК» АҚ-ның «Шығыс жүйеаралық электр желілері» филиалының директоры Талғат Алпысбаевтың айтуынша, Семейден Өскеменге дейінгі аралықта 200-ге жуық жаңа электр бағаналары салынып, тоқ жүретін 20 шақырымдық желі тартылған.
«Семейде жаңа қуатты электр қосалқы бекетінің құрылысы басталуда. Бұл нысан 4 жылда толық салынып бітеді. Яғни, Шығыс Қазақстан облысының аумағында - Семей мен Ақтоғайда әрқайсысы 500 кВт-тан тоқ өндіретін үш электр желісі мен екі қосалқы бекет бой көтереді», - деді Талғат Алпысбаев.
Ең бастысы, энергетик-мамандардың пікірінше, бұл жоба еліміздің шығысындағы энергия тапшылығын жоюға жағымды ықпалын тигізеді.
Мемлекет басшысы биылғы 2 шілдеде Назарбаев орталығындағы республикалық телекөпірде «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзиттік электр желісінің құрылысын бастауға рұқсат берді. Нұрсұлтан Назарбаев аталған жобаның маңыздылығына тоқтала келе, оны іске асыру нәтижесінде солтүстіктен Талдықорғанға дейін электр желісі тартылатынын, соның әсерінен Алматы облысы энергия қуатымен сенімді қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Ал сол кезде Семей қаласына жақын құрылыс алаңынан телекөпірдің эфиріне шыққан «КЕГОК» АҚ-ның басшысы Бақытжан Қажиев ұзындығы 1500 шақырымға созылатын электр желілері мен 500 киловаттық үш жаңа станса Семей, Ақтоғай, Талдықорған қосалқы бекеттерін іске қосу еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі үшін жасалған ауқымды шаралардың бірі екенін атап айтты. Шынында да осынау электр желісі пайдалануға берілгеннен кейін Солтүстік-Шығыс және Солтүстік-Оңтүстік бағытындағы Ұлттық электр жүйесінің электр тоғын тасымалдау қабілеті артады. Демек, солтүстіктегі энергия көздерінен оңтүстіктегі тұтынушыларға қосымша энергия жеткізіледі деген сөз. Екіншіден, бұл жерде Шығыс Қазақстан облысындағы энергия тапшылығын шешуге жол ашылады. Мамандардың есептеуінше, қазір осы өңірде электр қуатының тапшылығы шамамен 2 млрд. кВт-сағатты құрайды. Яғни, көп ұзамай еліміз Ресей желісі арқылы тасымалданатын энергияға тәуелді болмай, шығыстағы тапшылықты өзі жаба алатын болады. Сонымен қатар 500 киловаттық қуаты бар жоғары вольтті желі Ақтоғай-Алматы, Ақтоғай-Достық, Ақтоғай-Мойынты бағытындағы темір жол торабын дамытуға, «Ақтоғай кен-байыту комбинатының» тау-кен өнеркәсібінің электр қуатын көп қажет ететін нысандарын қамтуға мүмкіндік туғызады. Шекаралық аумақтарды дамыту мен Жоңғар қақпасы арқылы бізге енетін жел қуатының балама көзін кеңінен игеруге де жол ашылады. Атап айтарлығы, екі кезеңмен іске асырылатын алып жобаның нәтижесінде 1,8 мың жаңа жұмыс орындары ашылады. Жоба толық аяқталған соң, 97 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік жағынан үлкен маңызы бар жобаның жалпы құны - 120 млрд. теңге. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Әмірлан Әлімжан