Еліміздің Ішкі әскерлерінің құрылғанына 20 жыл толуына орай салтанатты іс-шаралар өтеді
Мерейтойды мерекелеуге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, Ішкі істер Министрлігі орталық аппаратының басшылары, Ішкі әскерлер қолбасшылығы, Ұлы Отан соғысы және Ішкі әскерлер ардагерлері, министрліктер мен ведомстволардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, Ішкі әскердің елорда гарнизонының әскери қызметшілері қатысады. Сонымен қатар айтулы іс-шараға Ішкі әскердің штатттық-спорттық командасы құрамындағы әскери қызметшілер - олимпиада және халықаралық жарыстарда Қазақстанның көк байрағын талай рет желбіреткен атақты спортшыларымыз Ермахан Ыбрайымов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Светлана Подобедова, Александр Седов, Майя Манеза, Людмила Прокашева және осылар сынды басқа да спорт саңлақтары шақырылған.
Салтанатты шараның алдында қонақтар Ішкі әскердің бөліністері жарақталған заманауи техника мен қару-жарақ түрлерімен, байланыс құралдары және әскери қызметшілердің киім-кешектер үлгілерімен, әскердің Орталық мұражайында Ішкі әскердің тарихынан сыр шертетін материалдармен танысады, оның құрылуы, дәстүрлері мен қалыптасуы кезеңдерімен байланысты көне экспонаттарды және құнды раритеттерді өз көзімен көреді.
Шараның салтанатты бөлігінде әскердің алғашқы құрылуының басында болған және оның дамуына зор үлес қосқан ардагер-генералдарға, сондай-ақ аға буын дәстүрін жалғастырушы - бүгінгі жауынгерлер мен спортшыларға мемлекеттік және ведомстволық наградалар тапсырылады. Сонымен қатар, әскер құрамаларында мерейтой құрметіне орай жыл бойы өткізілген «Үздік взвод командирі, командирдің үздік тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, үздік рота командирі» және «Үздік рота старшинасы» байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.
Онымен бірге, «Отанның ішкі қуаты» атты жаңа деректі фильмнің тұсаукесері болады. Ішкі әскердің тарихы туралы деректі жоба осы мерейтой құрметіне арналып жасалынды. Фильмде құқық тәртібі әскерлерінің қалыптасуы мен даму кезеңдері көрсетілді. Ол Тәуелсіз Қазақстанның Ішкі әскерлерінің қалыптасуының басында болған генералдар мен офицерлердің әңгімелерінен құралған. Куәгерлердің әңгімелері өткен жылдардың хроникалары мен мұрағаттық бейнематериалдармен сүйемелденеді. Фильмдегі кейбір материалдардың алғаш рет көрсетілуі көрермендердің қызығушылығын тудыруы тиіс.