17:09, 02 Маусым 2009 | GMT +5
Еліміздің капрон арқан нарығында отандық өндірісшілердің үлесі 2-3 пайызды ғана құрайды ? «Бақай» АҚ президенті
АЛМАТЫ. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Еліміздегі капрон арқан нарығында отандық өндірісшілердің үлесі 2-3 пайызды ғана құрайды. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстандағы франчайзинг» ІІ Халықаралық форумында айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл алқалы жиын туралы хабарды мен ғаламтордан оқып, франчайзинг жүйесін мамандардың өз аузынан естіп, өз көзіммен көрейін деп арнайы келіп отырмын. Біздің компаниямыз белгілі бір деңгейде отандық шаруашылық заттарын шығару үшін 1992-93 жылдары құрылған болатын. Қазіргі таңда альпинистер мен төтенше жағдайлар қызметіндегі органдардың жұмысына қажетті әртүрлі диаметрдегі капрон арқандар және басқа да жабдықтар шығарамыз. Шикізатты сырттан тасымалдағандықтан, көпшілік қолды бұйымдар шығара алмаймыз», дейді «Бақай» АҚ президенті Көкенай Ахтанов. Оның айтуынша, қазір бұл компания тек өз өндірісін сапалы өнімдер өндіруге ғана бағыттап отыр. Нарықта сапасы төмен, бағасы арзан өнімдер негізінен Қытайдан әкелінеді. Ал жол шығыны қосылғандықтан Ресейден келетін тауарлардың бағасы қымбат. Әзірге отандық өндірісші шикізатты ғана сырттан әкелгендіктен бәсекелестікке төтеп беріп жүр. Дегенмен, бизнесті одан ары өркендету үшін нақты өндіріспен айналысатын серіктестер керек. Сол себепті қазір олар серіктес жаңа компаниялар іздестірумен айналысуда.