Еліміздің Көлік және коммуникация министрі Канадада өтіп жатқан ИКАО конференциясына қатысуда
деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.
Наурыздың 29-ында басталған ұшу қауіпсіздігі бойынша Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) жоғары деңгейдегі конференциясының бүгін соңғы күні. Оның жұмысына ИКАО-ның барлық мүшелері, сондай-ақ еліміздің Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов бастаған қазақстандық делегация да атсалысуда.
Конференцияның мақсаты - келісімшарттарға қол жеткізіп, міндеттерді қабылдау және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты ИКАО негізгі шараларын нәтижелі және тиімді орындау үшін қажетті ұсыныстарды жасақтау мақсатында мүдделі мемлекеттердің басын қосу.
«Конференция аясында негізі үш тақырып бойынша, атап айтқанда, ғаламдық тұрғыда авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету негіздері, ұшу қауіпсіздігін басқарудағы алдын алу әдісі және ұшу қауіпсіздігінің өзге де мәселелері қаралуда. Сонымен қатар ұшу қауіпсіздігі және ұшу қауіпсіздігінің басқару жүйесін мемлекеттік бағдарламаға енгізу аясында тәжірибе алмасу бойынша арнайы ақпараттық сессия және ғаламдық шеңберде авиацияның ұшу қауіпсіздігі жағдайы бойынша брифинг өткізілуде. Конференция барысында ұшу қауіпсіздігі бойынша ағымдық және туындайтын мәселелерді шешу мақсатында нақты іс-қимылдарға бағытталған әдістер жасақталуда», делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге, конференция аясында еліміздің Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов пен ИКАО-ның Бас хатшысы Раймон Бенжаменмен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша екіжақты кездесу өткізіледі деп жоспарланған.
Айта кетейік, ИКАО - Азаматтық авиация халықаралық ұйымы (International Civil Aviation Organization) 1944 жылы желтоқсанның 7-інде Чикаго қаласында халықаралық азаматтық авиация туралы Конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрылды. Ұйым халықаралық әуе қатынастарының қауіпсіздігі мен жоспарлы өсуін қадағалайды.