Еліміздің өндіріс орындары отандық ғалымдардың ғылыми жаңалықтарын қажет етпей отыр- профессор Зауытбек Құралбаев

Бұл ғылыммен айналысуға бейімі бар талантты жастардың көп жағдайда өз несібесін шет елден іздеуіне түрткі болып отыр. Неге бұлай? Біз осы сұрақтың жауабын іздеп, Алматы энергетика және байланыс университетінің Компьютерлік технологиялар кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Зауытбек Құралбаевты әңгімеге тартқан едік.
- Зауытбек мырза, оқу орындарындағы оқытушы кадрлардың деңгейі мен құрамында қазір қандай да өзгерістер бар ма?
- Біздің жақсы мамандардың көпшілігі сырт елдерде жүр. Сонымен бірге талантты жастардың көбісінің арманы Батыс Еуропаға немесе Солтүстік Америкаға кету. Оның негізгі себебі - елдегі оқытушылар мен мұғалімдердің материалдық жағдайы мен оларға деген қоғамдағы көзқарастың төмендеуі. Егер Кеңес өкіметі тұсында әрбір оқытушыны жұмысқа алу үшін ол бірнеше бәсекелеспен конкурсқа түсетін. Әрине ол үдеріс сапалы білікті кадр таңдауға мүмкіндік беретін. Оның үстіне жоғары оқу орындарының көп болуы оқытушы кадрладың жетіспеуіне әкелді. Бұл өз кезегінде оқытушы кадрлардың сапасын төмендетті. Жалпы білім беру мекемелері мен арнаулы және жоғары оқу орындары мұғалімдерінің айлығы қазір коммерциялық құрылымдардағы еден жуушының жалақысынан төмен. Өткен ғасырдың бас кезінде, В.Ленин Кеңес өкіметі жаңадан құрылған кезде, Халық комиссарына - «Халық комиссарының (сол кездегі министр) жалақысынан университет профессорларының айлығы 13-15 есе көп болу керек» - деп хат жазған екен. Бұл қазан төңкерісі кезінде іске татитын кадрларының бәрі шет елге кетіп қалған Кеңес Одағының ғылым мен білімге деген ерекше қамқорлығы. Осының арқасында мемлекеттің қорғаныс күшін дамытуға, елдің дүниежүзілік деңгейдегі державаға айналуына, 1957 жылы алғаш жер серігін, ал 1961 жылы ғарышқа алғашқы адамды ұшыруына мүмкіндік берді. Мұндай жағдай АҚШ, Еуропа және басқа өңірлердегі дамыған елдер үшін күтпеген жағдай болды. Оны кезінде «Русское чудо» деп атаған болатын. Осының себебін тексеру үшін АҚШ Конгресі Кеңес Одағына арнайы комиссия жібергені белгілі. Сондағы сол комиссияның қорытындысы бойынша бәріне «кінәлі» Кеңес Одағындағы білім және ғылым жүйесі екендігі анықталған. Мысалы, Сталиннің кезінде жай ғылым кандидаты Қазақстанда жалақысына өз көлігінің жүргізуші мен үй қызметкерін ұстайтын. Қазір оларда мұндай мүмкіндік жоқ. Университеттерде сабақ беріп жүрген оқытушылардың айлығы туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мысалы, университеттің кафедра меңгерушісінің ставкасы 55541 теңге (шамамен $380), ал қарапайым оқытушының табысының қандай екенін осыдан білуге болатын шығар. Қазіргі кезде оқытушылар құрамының сапасының төмендеуінің бір себебі осы. Екінші негізгі себеп - жоғары оқу орындарының көп болуы кадрлардың шашырап кетуіне келтірді және оқытушылар жетіспейтіндіктен кез келген адамды конкурссыз жұмысқа алуға тура келіп отыр.
- Соңғы кезде шетелде жүрген ғалымдарды, білікті мамандарды елге шақыру туралы әңгіме қозғалды. Бұл туралы Сіздің жеке ойыңыз қандай?
- Оларға өздері тұрып жатқан мемлекет пен жеке компаниялар керемет жағдай жасап, зерттеу жұмысына қажетті барлық құрал-жабдықтарды алып беріп отыр. Әрине, олар келмейді. Олар мұнда келгенде не істейді? Ешкім ондай қымбат құрал-жабдық алып бере алмайды. Жоғары жалақы төлеп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жасай алмайды, себебі қаржы тапшы. Өзіңізге белгілі, ғылымға бөлетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына да жетпейді. Дамимын деген өзге елдер бұл салаға бюджеттен 10-12 пайызға дейін қаржы бөлуде. Мәселен алысқа бармай-ақ көрші Қытай елінің тәжірибесін қарайықшы. 15-20 жылда қандай үлкен секіріс жасады. 70-жылдары онда қарапайым автомобиль де шықпайтын. Қазір ғарышқа жер серігін ұшырып, теңіз деңгейінен 5 мың метрлік биіктіктегі Тибетке пойыз жүргізіп отыр. Олар бұған ғылым мен техниканың күшімен қол жеткізді. Өздері мұның бәрі өзіміздің ғалымдардың, конструкторлар мен инженерлердің жасалымдары деп мақтанып айтады. Бізде шетелде жасалғандар ғана жақсы, ал өзіміздің мамандардың істегендері нашар деген қате түсінік бар. Мұндай түсінікпен еліміздегі ғылым мен өндірісті қалай дамытпақпыз. Ұлттық Ғылым академиясы, аспирантура мен өз бетімен ізденуші (соискатель) болу арқылы ғылыммен айналысу жолдары жабылған. Сонымен, қазір жасы 30-дан асқан адамға ғылыммен айналысуға жол жабық. Ол үшін магистратура бітіруіңіз керек, ал магистратураға түсудің қиындығы жеткілікті. Магистратура бітірмесеңіз философия докторы (PhD) оқуына түсе алмайсыз. Ал бұрынғы кездегідей өз бетімен ізденуші (соискатель) боп жұмыс істеуге мүлде құқығыңыз жоқ.
Қазір кез-келген техникалық оқу орнына барыңызшы. Ондағы ер мұғалімдердің бәрі 60-тан асқан. Бірлі-жарымы ғана елуде. Қалғаны қыз-келіншектер мен әйелдер. Кез-келген кафедраның оқытушылар тізімін қарасаңыз ғылым кандидаттары мен докторларының бәрі 60-70-тегі ақсақалдар. 30-40 жастағылардың көпшілігі әйелдер қауымының өкілі. Әйелдерді кемсітейін деп отырғам жоқ, бірақ еркек пен әйелдің ғылыми жұмыспен айналысуда мүмкіншілігі екі түрлі ғой. Әйел - ең алдымен ана. Ол дүниеге ұрпақ әкелуі қажет. Одан кейін оның мойнындағы үй жұмысының қосымша шаруалары бар. Ғылым деген ол тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн бойы жұмыс істейтін нәрсе. Ал әйелдердің ғылыми жұмыспен айналысуға және аса ауыр іс - оқытушы болу мүмкіндігі еркектерге қарағанда төмен.
- Биылдан бастап елімізде кандидат пен докторлық ғылыми жұмыстар қорғалмайтын болды. Енді философия докторлары ғылыми зерттеу жұмысымен айналысуға құқылы болып отыр. Бұған 3 айдан астам уақыт өтті көрген, байқаған, білген нәрселеріңізбен бөліссеңіз?
- Бұрынғы ғылым кадрларын дайындауды тоқтатудың негізгі себебі ретінде қоғамда кандидаттар мен докторлардың шамадан тыс көп дайындалғандығы әрі олардың сапасының төмен деген ұғым қалыптасуы. Шын мәнінде, ол рас, бірақ сол қорғалған жұмыстардың көпшілігі қандай мамандықтар? Көбінесе экономика, құққытану, педагогика және басқа гуманитарлық ғылым салалары. Олардың көпшілігі кім? Ғылымға қатысы жоқ адамдар: әкімдер, министрлер, депутаттар, әртүрлі деңгейдегі басшылар және тағы басқа қалталы азаматтар. Олар үшін докторлық немесе кандидаттық дипломның қандай қажеті бары түсініксіз. Олар қалай уақыт тауып ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып жүргеніне таң қалмай болмайды. Ал техникалық, физико-математикалық, химия, биологиялық және т.б. өндірісті, ауыл шаруашылығын, әлеуметтік жағдайды дамытатын ғылым салалары бойынша ғылыми атақтары бар мамандар өте аз. Қазіргі кезде техникалық жоғары оқу орындарында ғылым докторлары мен кандидаттары жеткіліксіз. Кейбір кафедраларда жоқ деуге болады.
Ал кадр дайындаудың жаңа жүйесіне келсек. Қазір көпшілікке бакалавр кім, магистр кім, философия докторы (PhD) кім екені әлі белгісіз болып отыр. Философия докторы - ғалыми атақ па, жоқ әлде академиялық атақ па? Менің түсінігімше, ол жай академиялық атақ. Онда адамдар кәдімгідей 3 жыл оқиды, дәріс тыңдап, зертханалық сабаққа қатысады. Оны бітірген адамның білім дәрежесі бұрынға аспирантураның бірінші жылына ғана сәйкес келетін сияқты. Философия, шет тілі және арнайы мамандық пәндерді оқып кандидаттық емтихан тапсыратын. Сонымен бірге мамандық бойынша реферат дайындайтын, алғашқы ғылыми мақалаларын жариялайтын. Ал қазіргі енгізілген докторантураға бөлінген уақыттың жартысы әртүрлі пәндерді оқумен шектелінетін де, аз ғана уақытта докторлық диссертация дайындалатын. Ол жұмыстың дәрежесі мен докторанттың алған білімі кандидаттық диссертацияға жетпейтіні белгілі. Бұрын кандидаттық, докторлық жұмыс басқаша орындалатын. Әр адам күні-түні зерттеу жұмыстарымен айналысатын, К Маркстың сөзімен айтсақ, «Ғылымда даңғыл жоқ...» қағидасы бойынша. Көпшілік жағдайда ол үкіметтен ешбір қаржы алмайтын. Жақсы айналыса ма, жаман айналыса ма, әйтеуір белгілі бір нәтижелерге жететін, ғылымға белгілі бір жаңалық енгізіп, диссертация қорғайтын. Сонымен бірге өзінің біліктілігін де өсіретін. Оған кейде 10-15 жылға дейін уақыт кететін. Ғылыммен айналысуға кез келген адамның мүмкіншілігі болатын. Қазір Қазақстанның ауылдық жерден мектеп бітірген жастарына ғылыммен айналысуға жол жабық деуге болады, себебі ол бакалавр мамандығын алғаннан кейін магистратураға түсуге мүмкіншілігі өте аз. Магистратураға түсу үшін шет тілін (ағылшын немесе басқа тіл) жете білуі тиіс, себебі бірінші қабылдау емтиханы осы пән бойынша болады. Ауылдық мектептерде шет тілінің қалай оқытылатыны белгілі. Сонымен бірге 30-40 жастан асқан азаматтарға ғылыммен айналысудың бұрынғы өз бетімен ізденушілік жолы (соискательство) жабылғандықтан, оларға да ғылым жолы жабық деуге болады. Қорыта айтқанда, бұрынғы ғылыми кадр дайындау жүйесінен бірден бас тартқан үлкен қате сияқты. Жаңалыққа көшуді бұрынғы жүйемен қатар жүргізген дұрыс сияқты. «Жаңа үй салмай тұрып ескі үйді бұзған сияқты». Көршілес Ресей, Қытай және басқа мемлекеттерде осы қағиданы ұстанған сияқты. «Ғылыми атағы бар шенеуниктер көбейді» деп бұрынғы жүйеден бас тарту дұрыс емес, себебі олар үшін жаңа жүйе бойынша PhD атағын алу бұрынғыдан да жеңіл болады.
- Ғылым мен өндірістің арасындағы байланысты қалпына келтіру қалай жүріп жатыр?
- Ең үлкен мәселенің бірі осы. Себебі Қазақстанда ғылымды пайдаланатын өзіндік таза өндіріс жоқ. Әр компания, әр шетелдік инвестор мұнда өз технологиясын алып келеді. Ол өзінің еліндегі ғалымдардың, конструкторлардың жасалымдарының негізінде жасалған. Олар біздікін пайдаланбайды. Себебі онымен таныс емес әрі мүдделі емес. Сондықтан онда жұмыс істейтін адамдар негізінен өз елінен келген мамандар. Қазір өндірістің көбі шетелдік мамандар мен олардың технологияларының қолында. Біздікі мың жерден артық болса да, оны ешкім пайдаланбайды. Өйткені оларға оның керегі жоқ. Сондықтан нашар болса да Қазақстанның өз өндірісі болуы керек. Ақшасы бар адамдар өндіріс ашайын десе бәсекеге қабілетті емес. Оның шығарған өнімі Қытайдың арзан затымен бәсекеге шыдамайды. Ал шетелде әрбір ел өзінің үлесін көтеру үшін оған жеңілдік жасайды. Алғашқы 5-10 жылда белгілі бір салықтан босатады. Белгілі бір саланы дамыту үшін үкімет оған жеңілдік жасауы керек. Онсыз болмайды. Шетелде банктің өндіріске беретін несиесінің мөлшерлемесі 0,5-1 пайыз, ал бізде қанша?
Қазақстанда өндіріс біздің ғылыми жаңалықтарды қажет етпей отыр. Басқаны былай қойғанда, біз әлі күнге дейін құрылыста пайдаланатын қарапайым шегенің өзін сырттан аламыз. Мұндай жағдайда біз Қытаймен ешқашан бәсекелес бола алмаймыз. Онда, біріншіден, жұмыс күші өте арзан. Екіншіден, экономикалық саясат бөлек. Оларда өз адамдарына, кәсіпорындарына барлық жағдай жасалынған. Бұрын олардың алғашқы шығарған заттарының да сапасы төмен болатын. Үкімет тарапынан жасалған қолдаудың арқасында өндіріс орындары біртіндеп өнім сапасын жақсартып, оны экспортқа шығаруға мүмкіндік алды.
- Жоғары оқу орнына келіп жатқан мектеп бітірушілердің білім деңгейі туралы не айтасыз?
- Қазақтың балалары тумасынан талантты. Бірақ оларға жағдай жасау керек. Мысалы орыс тілін білмейтін ауылдан келген балалар оқу құралдары мен ғаламтордағы ақпарат көздерінің бәрі орысша болса да 1 жылдан кейін қаланың баласын қуып жетіп, озып кетеді. Өйткені негізі мықты. Информатика мен ақпараттық технологияны дамыту үшін физика, математиканы жақсы білу керек. Осы пәндердің қазір мектепте берілу деңгейі төмендеп кетті. Себебін біреулер бірыңғай ұлттық тестілеудің енгізілуімен байланыстырса, ал кейбір мамандар әрбір облыс орталықтарындағы педагогикалық оқу орындарының бір кездері жабылып қалуымен байланыстырады. Олардың көпшілігін кезінде университеттерге қосып жіберді ғой. Бірақ қазір олар қайтадан ашылып жатыр ғой. Бірақ сол оқу орындарының мұғалім дайындау сапасы сын көтермейді. Педагогтық мамандықтың дипломын алу бізде оңай жолға қойылған, сырттай оқу арқылы. Қалайша болашақ бала тәрбиешісін, білімді мұғалімді сырттай дайындауға болатыны таң қалдырады. Ондай практиканы тоқтатқан жөн болады.
Ғылым мен жаңа технологиясыз трактор, комбайн жасалынбайды, бітік егін шықпайды, сапалы мал өспейді. Ғылымды, технологияны, экономиканы дамытатын ғылым салалары физика, математика, химия, биология және т.б. ғой. Осы пәндердің ролін көтеру үшін оларды оқытатын мұғалімдердің де статусын көтеру қажет деп есептеймін. Құр әңгімемен ешнәрсе бітпейді.
- Мұның бәрі білім беру жүйесіндегі реформаларға тіреліп тұрған сияқты ғой?
- Біздің бұрынғы оқу жүйеміз күшті болды. Әсіресе іргелі ғылым салалары. Біздің мықты балалардың бәрі қазір шетелде жүргені сондықтан. Олар алғашқы кезде тілден ғана қиналады. Жергілікті жағдайға бейімделген соң, 1-2 жылдан кейін олар өз қатарларынан озып шығуда. Жалпы білім жүйесін қайта-қайта өзгерте беруге болмайды. Немесе реформа жасауға болмайды. Кеңестік білім жүйесінің негізі патшалық Ресейдің кезінде қаланды ғой. Ол жүйе белгілі бір логикаға сай жасалынған болатын. Бұл мектеп жүйесі балалардың өсу үдерісімен байланысты болатын. 4 жылдық бастауыш мектепте бала хат жазуға және қарапайым есептеуге үйренді. Логикасын дамытатын 7-11 жас аралығындағы өсу баланың жас ерекшеліктерін ескерген. 7 жылдықта 11-14 жас аралығында балалар физика, биология, ботаника мен тарихты оқи бастайды. Онда әрбір сынып емтиханмен бітеді. 7 жылдықтан кейін олар техникалық немесе басқа орташа оқу орнына түсіп, белгілі бір мамандық алуға мүмкіндіктері болды. Одан кейін тек қана жоғарғы оқу орнында оқып, терең білімді маман болғысы келетіндер ғана 10 жылдықты бітірді. Бұл жерде табиғи іріктеу (селекция) әдісін көруге болады. Барлық жас баланың болашақта ғалым болмайтыны белгілі ғой.
Соңғы жылдары 12 жылдыққа көшу туралы әңгіме жүріп жатыр. Онда 1-4, 4-7, 7-10, 10-12 сыныпта не оқытатын дәл айтып бере алатын ешкім жоқ. Оның логикаға сай белгілі бір концепциясы болуы керек қой. Қазір Ресейде де осындай пікірталас жүріп жатыр. Білім саласы тек эволюциялық түрде дамуы тиісті. Іргелі ғылым салалары өзгермейді. Сондықтан баланың білім қабылдау ерекшелігі мен мүмкіншілігі толық ескерілуі тиіс. Осы жағдай қазіргі кезде ұмытылған. Бізде әлі білікті мұғалім де, мектеп де жеткіліксіз. Егер кәсіптік-техникалық маман керек болса, не ойланатыны бар, әр зауыттың немесе ірі кәсіпорынның жанынан кәсіптік техникалық училищелерді ашып, ал аудан орталықтарынан механизаторлар мен ауыл шаруашылығына қажетті мамандар дайындайтын орташа оқу орындарын қалпына келтіру керек. Бұл үшін білім жүйесін реформалау деген дақпыртсыз, қажет болса 12 жылдыққа көшірудің жолдарын зерттеу қажет. Шетелдің стандарты мен тәжірибесін еліміздің қажеттілігіне бейімдеп, кадр дайындауды ел экономикасын жеделтетіп көтеруге бағыттауды мақсат еткен дұрыс. Қазіргі жаһандану заманында ғылым мен білім саласына көңіл бөлмеген елдің, оның халқының жақын болашақта жағдайының шамалы болатыны көпке әйгілі.
-Әңгімеңізге рахмет.