17:11, 01 Наурыз 2010 | GMT +5
Елімізге Финляндия Республикасының Сыртқы сауда және даму министрі сапармен келмек
АСТАНА. Наурыздың 1-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Наурыздың 3-і мен 5-і аралығында Финляндия Республикасының Сыртқы сауда және даму министрі Пааво Вяюрюнен Қазақстанда ресми сапармен болады.
Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министр П. Вяюрюнен бастаған делегация құрамында 60-қа тарта жетекші іскер топ өкілдері де бар. Суоми елінің кәсіпкерлері мен Үкіметінің өкілдері қазақ-финн бизнес форумына қатысады.
Сапар барысында П. Вяюрюнен Қазақстан Парламенті палаталарының төрағаларымен, министрліктер пен ведомстволар басшыларымен кездеседі. Сондай-ақ оның Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен жүздесуі жоспарланып отыр.
Келіссөздер барысында екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланады деп күтілуде.