«Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» форумы Қазталов ауданында жалғасын тапты - БҚО

ОРАЛ. 26 сәуір. ҚазАқпарат - 25 сәуір күні Қазталов аудандық мәдениет үйінде «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» атты форум өткізілді.
None
None

Алғашқы форум 2012 жылдың шілдесінде Астанада өткен еді. Қоғамда кеңінен қолдау тапқан бұл форумды жыл сайын елдің барлық аймақтарында өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Әлем халқы көз тігіп отырған еліміздің басты құндылығы татулық пен ынтымақтастықты ту еткен отандастарымыздың өмірі арқылы кең байтақ еліміздің табысын көрсетуді мақсат ететін «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» республикалық форумы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып келеді.

Қазақстан азаматтарының саяси мәдениетін қалыптастыру және дамыту, туған жерге деген махаббатты арттыру, патриотизмге тәрбиелеу, ел бірлігін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған форумға аудан әкімінің орынбасары Сәрсенбай Молдашев, ауданның еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, ауылдық округтер делегаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, танымал спорт саңлақтары мен мәдениет майталмандары қатысты. Форум кезінде Қазақстанның тәуелсіздік алған кезден бастап 20 жылдан астам уақыт ішіндегі даму жолдары, алған асулары мен жеткен жетістіктері баяндалған шағын бейнефильм тамашаланды.

Мерекеге орай аудан әкімі орынбасары Сәрсенбай Молдашев құттықтау сөзінде тәуелсіз 22 жылдың ішінде мың құбылып тұрған әлемде Қазақстанның нық қадам басып, қазіргі жетістіктерге қол жеткізгеніміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының, стратегиялық көрегендігі мен көрнекті жасампаз қызметінің және қарапайым халықтың ерен еңбегінің арқасы екендігін айрықша атап көрсетті. Сонымен қатар 2013 жылы толағай табыстарға қол жеткізген ауданның бірқатар азаматтарына аудан әкімінің алғысхатын табыстады. Олар: Астана қаласында өткен «Ақ көгершін» республикалық фестивалінде екі оқушысы қатар алдыңғы жүлделі орындарға ие болған ұстаз Баян Қабиева, Ақтөбе қаласындағы II республикалық «Назерке» би байқауында облыс намысын қорғап, III дәрежелі орын алған аудандық «Қарлығаш» халықтық би ансамблінің жетекшісі Мейрамгүл Дүйсенғалиева, самбо күресінен бірнеше республикалық және әлемдік жарыстардың жүлдегері, самбодан спорт шебері Мейірхан Нұрмұқанов және «Облыстың үздік жаттықтырушы» атағының иегері, Қазталов спорт мектебінің футболдан жаттықтырушысы Сағындық Тоясов.

Сондай-ақ форумда сөз алған қоғамдық ұйымдар жетекшілері мен спортшылар жастарды еңбекқор, отаншыл болуға шақырды.

Шара барысында аудандық демалыс орталығының өнерпаздары патриоттық әндер орындап, елге деген құрмет, қошеметті әсем саз, әдемі әнмен жеткізді.

Форумға қатысушылар аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» деген тақырыпта Қазталов ауданының жетістіктерін паш ететін стендіні тамашалады. Шара әр адамды елдікке, ерлікке шақырып, отаншылдық сезімді оятатын Е. Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.

Соңғы жаңалықтар