«Елімнің тағдыры - менің тағдырым» форумы Жаңақалада жалғасты
Отандастарымыздың өмірі арқылы еліміздің табысын көрсетуді мақсат еткен форумды аудан әкімі Лавр Хайретдинов ашты.
«Біздер бақытты халықпыз. Өйткені бірлігі бекем еліміз бар. Бізден де саны көп жоңғарлар сынды бірқатар елдер тарихтан жойылып кетті. Біздің де осындай тағдырымыз болуы мүмкін еді, бірақ бабаларымыздың арқасында кең байтақ, асты-үсті толған бай елге иелік жасап отырмыз. Егеменді ел болу оңайға түскен жоқ. Елбасымыздың саясаты арқасында өзіміздің ерекше жолымызды тауып, алға басып келеміз», - деді әкім.
Одан кейін форум спикерлері, еңбек ардагері Қабдығали Текебаев, Жаңақала аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Оразгүл Көбесова, мектептен тыс жұмыс аудандық орталығының директоры Ғазиза Сүлейменова, жеке кәсіпкер Элмира Сауменова, аудандық мәдени демалыс орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Арна Тілекешова, жеке кәсіпкер Иманғазы Лесов өз өмірін, табысқа жету жолдарын әңгімелеп берді. Олар еліміздің медицина, кәсіпкерлік, білім, мәдениет саласының жетістіктерін айтып, көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдірді.
Шара барысында аудандық мәдени демалыс орталығы көркемөнерпаздары елге деген құрметін патриоттық бағыттағы сазды әуендермен жеткізді.