17:55, 04 Шілде 2013 | GMT +5
Елордада Елбасының қатысуымен «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының тұсаукесер салтанатты шарасы өтті
АСТАНА. 4 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының тұсаукесер салтанатты шарасы өтті.
«Біз бүгін мереке қарсаңында «Астана» кәсіби спорт клубының тұсауын кесіп отырмыз. Біздің қазақ ежелден сәйгүлік жаратып бәйгеге шапқан. Халқымыз спорт түрлерінен алыс емес. Ақнайзаның ұшымен, ақбілектің күшімен ел қорғаған бабаларымыз намысты ешкімге бермеген», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, ҚР Президенті дәстүрге берік бүгінгі өрендеріміз тәуелсіз Қазақстан атын әлемге танытып келе жатқандығын баса айтты.
«Мемлекетімізде тек экономикада ғана емес, спортта да зор жетістіктерге жетті. Бұған Лондон олимпиадасындағы 7 алтын медаль, 205 елдің ішінен 12-ші орынға табан тіреуіміз дәлел болады»,- деді Н. Назарбаев.