Елордада ЕурАзЭҚ рейтингілік агенттігін құру мәселелері бойынша халықаралық семинар өз жұмысын бастады

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен ЕурАзЭҚ рейтингілік агенттігін құру мәселелері бойынша халықаралық семинар өз жұмысын бастады.
None
None

Аталған шарада  халықаралық ауқымдағы агенттіктердің рейтингілік бағалау тәжірибесін ескере отырып, ЕурАқЭҚ елдерінің жоғары оқу орындары үшін бағалау көрсеткіштерін анықтау мәселелері ескерілмек.

ҚР БҒМ Стратегиялық жоспарлау және ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайхан Қазақстан Болон үрдісінің негізінде, халықаралық деңгейде білім сапасын арттырудағы жұмыстарды атқарып жатқанына тоқтала келе, 2012 жылы QS World University Ranking халықаралық рейтингілік агенттігінің нәтижелері бойынша Қазақстанның екі  жетекші жоғары оқу орны алғашқы 400-ікке енгендігін жеткізді. Олардың ішінде  Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (369 орын) мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бар (390 орын).

Айта кетейік, семинарға білім беру мәселелерімен айналысатын ЕурАзЭҚ елдерінің атқарушы билік органдарының өкілдері, жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингке енуі мәселелерімен айналысатын жетекші ұйымдардың мамандары, ЕурАзЭҚ және ТМД мемлекеттері оқу орындарының ректорлары қатысуда.

Бұл семинар биылғы 27 маусымда өткен ЕурАзЭҚ Интеграциялық  комитеті жанындағы білім беру жөніндегі кеңестің  21 отырысының шешімін іске асыру аясында өткізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар