Елордада ІІІ Республикалық «Қаламгер - Азамат» жас тілшілер форумы өтеді

Бұл туралы бүгін Алматыда аталмыш шараға орай арнайы өткен баспасөз мәслихатында «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің төрағасы Айдар Қырықбай мәлім етті.
«Заңғар» шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтетін форумға еліміздің әр аймағынан 18 бен 23 жас аралығындағы 100-ден аса жас тілшілер қатысады деп күтілуде. Ал, Алматы қаласынан 20-дан аса тілші атсалысады. Үш күнге созылатын форум барысында «Қазақ баспасөзінің дамуы», «Телебағдарламалар мен жаңалықтар сюжеттерінің бүгінгі сапасы қай деңгейде?», «Қазақ тіліндегі интернет ресурстарының дамуы» деген тақырыптар көтеріліп, талқыланбақ. Сонымен қатар, "Журналистиканың жастар саясатындағы рөлі" атты дөңгелек үстел отырысы, жас тілшілерге арналған семинар-тренингтер мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ Ұлы Абайдың 165 жылдығына орай, "Еліме тағзым" атты поэзиялық кеш өтеді», дейді ұйымдастырушылар.
2008 жылы Алматы қаласында бастау тапқан форум, Астана қаласында «Астананың 10 жылдығына» арналса, 2009 жылғы форум «Жас патриоттар» деген атаумен өткен еді. Биылғы жылғы форум тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналып отыр.
"Форумның басты мақсаты - жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа шақыра отырып, олардың жүрегіне патриоттық сезім орнатуға үлес қосу. Өскелең ұрпақтың кәсіби біліктілігін шыңдайтын, заманауи заңдылықтарды меңгеруге мүмкіндік туғызу. Ақпараттық тәжірибе алмасу бағытында түрлі салада қалам тербетуге, журналистиканың қыр-сырын үйренуге талпынған жас буынның басын қосып, жинау және оларға рухани қолдау көрсету болып табылады", дейді шараны ұйымдастырушы, «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің төрағасы.
Оның айтуынша, биыл форум қатысушылары, жастар атынан Елбасына 2011 жылды «Жастар жылы» деп белгілеуді ұсынбақ. "«Жастар жылы» - еліміздегі дарынды жастарымызға қолұшын соза отырып, соның ішінде, кәсіби біліктілік мен шығармашылық жағынан дами түсулеріне қолдау көрсетуді көздейтін болады", деді А. Қырықбай.