Елордада инновациялық бизнес жобалардың «AstanaStartupWeekend-2013» байқауы өтеді

«Оның басты мақсаты - елдегі инновациялық және теңдессіз startup жобаларды қаржыландыру. Байқаудың жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайды. Бірінші орын үшін - 500 мың теңге, екінші орынға - 300 мың және үшінші орын иеленген жобаға 200 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі», - деді «Астана Innovation» АҚ-ның бас менеджері Батырбек Дәуітбаев бүгін ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында.
Оның атап өткеніндей, бағдарлама бойынша қатысушылар 3 күн ішінде өздерінің тың идеяларын ұсынуы тиіс. Өзара команда құрып, өнімнің прототипі мен алғашқы бизнес жоспарларын көрсетулері шарт. Шараны өткізуге отандық және шетелдік менторлар тартылып отыр. Бүгінгі күні аталмыш startup байқауға 70-ке жуық қатысушы тіркелген. Тіркелу asw.kz сайты арқылы 17 мамырға дейін жалғасады.
Айта кету керек, аталмыш шара Астанада екінші рет ұйымдастырылып отыр. 2012 жылы онда Қазақстанның барлық өңірлерінен 150-ден астам қатысушы өз идеяларын ұсынды. Оның қорытындысы бойынша, «FlyFarm» жеңімпаз атанды және «Астана Innovation» АҚ-ның арнайы бағдарламасы аясында 6 млн. теңгеге грант иеленген болатын. Олардың жобалары құс фабрикаларына арналған шыбын балаң құрттарынан жасалған жем шығаруға бағытталған. Қазіргі уақытта аталмыш жоба іске асырылып, сәтті жұмыс жасауда.