15:06, 13 Наурыз 2009 | GMT +5
Елордада Қазақстан-Үндістан үкіметаралық комиссиясының жетінші отырысы өтті
АСТАНА. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, өнеркәсіптік және мәдени ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Үндістан үкіметаралық комиссиясының жетінші отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында Қазақстан тарапын ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев, ал Үндістан жағын осы елдің Мұнай және газ министрі Мурли Деора басқарды.
Отырыс барысында С. Мыңбаев сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша, сондай-ақ Қазақстанда фармацевтикалық өндірістерді ұйымдастыруға байланысты бірлескен жұмыс тобын құру туралы пікірін білдірді.
Мұнайгаз секторындағы екі елдің бірлескен жобаларына тоқталған министр, «Cәтбаев» блогы бойынша алдын ала мәселелер толығымен шешілгенін жеткізді. «Енді аталған блокқа қатысты қорытынды құжаттарға қол қою жұмыстары тұр. Осы орайда ұлттық компанияларды қарқынды жұмыс істеуге шақырамыз, ал біздің министрлік өз кезегінде оларға барынша қолдау көрсетеді», деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, «Cәтбаев» жобасы аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және ONGC Mittal Energy Ltd. арасында келіссөздер жүргізілген болатын.
Өз кезегінде М. Деора «Сәтбев» жобасы бойынша ұлттық операторлар арасындағы барлық маңызды мәселелер шешілгенін құптады. «Жақын арада олар барлау және мұнай өндіруге қатысты келісімшартқа қол қояды деген үміттеміз», деді министр.