Елордада Нобель сыйлығы лауреаттарының астаналық клубы құрылды

Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан IV Астана экономикалық форумында Урал мемлекеттік экономикалық университетінің ректоры Михаил Федоров мәлім етті.
«Кеше біз осы мәселе бойынша қорытынды шешім шығардық. Бұған АҚШ, Колумбия Университетінің экономика профессоры, Нобель сыйлығының лауреаты Роберт А.Манделл бастамашы болды. Бұл туралы біз кеше Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен болған кездесу барысында мәлімдедік. Бұл шешім әсіресе ғылыми орта үшін ерекше болды. Әрбір лауреат - өзіндік жеке тұлға. Әдетте қандай да бір ұжымға бірігу туралы мәселе көтерілгенде оған бірден тиісті деңгейде көңіл бөліне бермейді. Сондай-ақ көтерілген мәселеге деген көзқарас та әрқилы болады. Осы орайда IV Астана экономикалық форумына қатысушы лауреаттар осындай ұжым құрамыз деп келісті. Біз құрған клубқа мүше болғандардың басым бөлігі экономист-мамандар. Бір лауреат қана химия саласының маманы», - дейді ректор.
Сондай-ақ ол сөзінде мұндай шешімнің аса маңызды екендігін атап өтті. «Әлемдік қоғамдастық бүгінде болып жатқан экономикалық үдерістерге алаңдаушылық танытып отыр. Ол туралы Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та айтты. Осыған қарай қазір әлемді дамыту мақсатында жаңа экономикалық үлгі ойлап табу - кезек күттірмес мәселелердің бірі. Ал Нобель сыйлығының лауреаттары Астанада бас қоса отырып, клуб аясында айналысатын басты мәселелердің бірі - осы әлемдік экономиканы дамыту болады. Бұл мәселенің бірнеше аспектісі бар. Солардың бірі мемлекет пен жеке меншік әріптестігін қалыптастыру. Ол - экономиканы қалыптастырудың базалық мәселесі. Экономиканың жаңа үлгісі осы ұстанымға сай болуы тиіс», - деді М.Федоров.