Елордада «Рухани мәдениет - әлемді жаңартудың кілті» атты халықаралық ғылыми - тәжірибелік конференция өтеді

Аталмыш жиынның бағдарламасына сәйкес, форумның алғашқы күні, яғни 17 қазанда «Риксос» қонақ үйінде Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы президиумының мәжілісі және осы жиынға арналған баспасөз мәслихаты өтеді. 18 қазанда елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында конференцияның ашылу салтанаты болады және осы күні негізгі баяндамалар оқылып, жиынға қатысушылар сөз сөйлейді. Осы күні мәртебелі меймандарға арналып, үлкен мерекелік дастархан жайылады деп күтілуде. Жиын соңында оған қатысушылар форумның қорытындысына байланысты құжат қабылдайды. Сондай-ақ кешкісін қонақтарға арналып, «Рухани келісім туралы бірер сөз» деген тақырыппен мерекелік кеш ұйымдастырылады. Бұған қоса осы күні Арманда Ассантенің «Қазақстан. Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы» атты деректі фильмі таныстырылып, ресейлік әнші Иосиф Кобзонның концерті өтеді. Мерекеге жиналғандар үшін жиынның соңғы күнінде елорданың көрікті жерлері мен әсем ғимараттарына саяхат ұйымдастырылады.